"Арамтамақ элементтер", "Асқынған алкоголиктер". 1986 жылы алаңға шыққандарды газеттер қалай айыптады?

"Арамтамақ элементтер", "Асқынған алкоголиктер". 1986 жылы алаңға шыққандарды газеттер қалай айыптады?
Фото: © kk.wikipedia.org/газет беттері

Тарихқа мәңгі із қалдырған "Желтоқсан оқиғасына" 36 жыл. Кейін еліміз Тәуелсіздік алып, шаңырағын биікке көтерді. Қазір сол кездегі жастардың көтерілісін "қазақ ұлтшылдығының көрінісі", "халқымыздың бостандыққа ұмтылысы" ретінде баяндап жүрміз. Ал КСРО кезінде бұл көтерілісті халыққа қалай көрсетуге тырысты? 1986 жылы желтоқсан айында шыққан газет беттеріне шолу жасайық.

1986 жылы 17 және 18 желтоқсан күндері газеттер Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретарі қызметіне Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбин келгені туралы хабар таратты. 

"Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы туралы информациялық хабар
16 декабрьде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумы болып, онда ұйымдық мәселе қаралды. Пленум Д. А. Қонаевты пенсияға шығуына байланысты республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары қызметінен босатты.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары болып КППС Орталық Комитетінің мүшесі Г. В. Колбин сайланды. Ол бұған дейін Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші секретары болып істеген.
Пленумның жұмысына КППС Орталық Комитетінің секретары Г. П. Разумовский, КППС Орталық Комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Ф. Мищенко қатысты".

"Жетісу" газеті (17 желтоқсан,1986 жыл)

"Казахстанская правда" газеті (17 желтоқсан, 1986 жыл)

"Коммунистік еңбек" газеті (17 желтоқсан, 1986 жыл)

"Ленин жолы" газеті (18 желтоқсан, 1986 жыл)

19 және 20 желтоқсан күндері көпшілік газет "ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар көтеріліске шыққанын" жазды.

"Алматыдан хабар
Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан компартисы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады. 
Заводтарда, фабрикаларда, жоғарғы оқу орындарында, басқа да еңбек коллективтерінде болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен аудандардың партия және комсомол активтері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолдануын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс-қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет және партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда. Барлық кәсіпорындар, мекемелер, оқу орындары, магазиндер, тұрмыстық қызмет, қала транспорты қалыпты жұмыс істеуде".

"Жетісу" газеті (19 желтоқсан,1986 жыл)

"Коммунистік еңбек" газеті (20 желтоқсан, 1986 жыл)

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанынан арнайы совет құрылды. Оның мақсаты тәртіпті қамтамасыз ету екені айтылып, еріктілерді көмектесуге шақырды.

"Теріс құбылыстарға қарсы батыл күрес жүргізілсін
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанынан қылмысқа, алкоголизмге, нашақорлыққа және еңбексіз табыс табуға қарсы күрес жөнінде республикалық үйлестіру советі құрылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Г.В. Колбиннің председательдік етуімен өткен совет мәжілісінде КППС Орталық Комитетінің нұсқауларына сәкес аталған теріс құбылыстарды түп-тамырымен дереу жою жөніндегі шаралардың кең көлемді программасы белгіленіп, оларға қарсы күресте заң жүзінде берілген праволарды неғұрлым пәрменді пайдалану, бұл жұмысқа партия, совет, кәсіподақ ұйымдарын, право қорғау органдарын, ерікті халық жасақшыларын белсенді тарту қажеттігі атап көрсетілді.
Таяу уақытта барлық елді мекендерде үлгілі реттілік пен тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысты, бұзақы және арамтамақ элементтердің қаскүнемдігінен халықты толық қорғау, қоғамдық орындарда мас адамдардың жүруіне жол бермеу міндеті қойылды. Асқынған алкоголиктер мен нашақорлар арнаулы мекемелерде емделуге еріксіз жіберілуге тиіс.
Жұмыстың барлық формалары мен әдістерін қолданып, еңбексіз табыс табуға қарсы күресті жандандыру керек. Финанс органдарына қысқа мерзімде барлық кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде, колхоздар мен совхоздарда еңбек ресурстарының дұрыс пайдалануына тексеру жүргізу, финанс-штат тәртібін бұзғаны үшін басшыларға қойылатын талапты қатайта түсу ұсынылды.
Үйлестіру советінің мүшелері тамыр-таныстық, жекжаттық, жерлестік, парақорлық, қызмет бабын теріс пайдалану фактілерімен ымырасыз келіс жүргізу, халық пен мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін нәрсенің бәріне қарсы батыл қимылдау қажеттігін айтты. Бұл жұмысқа республиканың бүкіл жұртшылығын көтеру, партия, совет органдарына, бұқаралық информация құралдарына жер-жерден келіп түскен бірден-бір дабылды назардан тыс қалдырмау керек.
Облыстық, қалалық және аудандық партия комитеттері жанынан қылмысқа, алкоголизмге, нашақорлыққа және еңбексіз табыс табуға қарсы күрес жөнінде осындай советтер құру қажет деп табылды", - делінген басылымда.

"Коммунистік еңбек" газеті (30 желтоқсан, 1986 жыл)

"Жетісу" газеті (30 желтоқсан, 1986 жыл)

Желтоқсан көтерілісінен кейін публицистика, деректі шығармалар, көтеріліске қатысқандардың естеліктері топтастырылған біршама еңбек жарық көрді. Желтоқсан көтерілісі туралы жазылған кітаптар топтамасын мына жерден көре аласыз.

А. Жапатова