"Ұлттық рухани жаңғыру" жобасының негізгі бағыттары қандай?

"Ұлттық рухани жаңғыру" жобасының негізгі бағыттары қандай?

Қазақстан "Ұлтық рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға 119 млрд жұмсайтын болды. Бұл туралы "Ұлттық рухани жаңғыру" Ұлттық жобасы: негізгі бағыттары" атты брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді. Осы орайда Массагет порталы аталмыш жобаның негізгі бағыттарына тоқталып өтеді.

Брифингке Ақпарат және қоғамдық даму министрінен бөлек ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Мұратұлы Дәуешов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты  комитетінің төрағасы Қабаев Әділбек Күнесханұлы қатысты.

Аида Ғалымқызы мемлекет басшысы 13 қазанда ұлттық жобалар тізімін бекіткенін айтты.

"Оның негізінде 10 нақты ұлттық жоба анықталды. Оның ішінде Ұлттық рухани жаңғыру жобасы – 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады", - деді министр.

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени брегейлікті жаңарту. Ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейі мен талғамын көтеру. Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың жаңа бастамаларын қолдау.

Бірінші жоба – "ұлттық жаңғыру құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту" деп аталады.

"Бұл бағыттың маңызды бағыттырының бірі мемлекеттік тілді дамыту. Ұлтты сақтау дегеніміздің өзі тілді сақтау, дамыту. Мемлекет басшысы болашақта қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас құралы болады деп мсенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгін де барлық мүмкіндіктер бар. Қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл уақыт талабы", - деді Аида Балаева.

Осы мәселелер негізінде мынадай жұмыстар атқарылады:

– мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық, IT өнімдер әзірлеу;

– танымал аннимациялық және танымдық арналарды қазақшалау;

– орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу;

– техникалық және кәсіптік білім беру орталықтарына қазақ тілді оқулықтарды әзірлеу.

Осы жобаның екінші бағыты "Ел рухы" деп аталады. Аталмыш жоба мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді, оның ішінде шетелде насихаттау бойынша шараларды қамтиды.

"Ауылдар мен шалғай елді мекендер тұрғындарының 92,5 пайызын мәдени-тұрмыстық қызметпен қамту қамтамасыз етіледі. Жалпы, мәдениет нысандарына баруды екі есеге, ал тұрғындардың қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін 75 пайызға арттыру жоспарланған", - деді министр.

Бұл мәселелер жөнінде мынадай істер атқарылады:

– 250 жаңа мәдени нысан салынып, күрделі жөндеуден өтеді;

–  Кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25 пайызға дейін өседі;

– "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі жаңадан құрылып, 40 анимациялық фильм шығарады.

Үшінші бағыт "Тәуелсіздік ұрпақтары" деп аталады. Бұл бағыт еліміздің жастарына арналады.

"Өздеріңіз білесіздер еліміз егемен атанған жылдары туған балалар 29-30 жасқа келді. Бұл жастар елдің болашағы. Сондықтан мелекет тарапынан жастардың бастамаларын қолдау жоспарланып отыр", - деді министр.

Бұл жоба үш ауқымды міндеттерді қамтиды:

– жастардың білім беру, жұмысқа орналасу және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу;

– жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау;

– Жастарды қоғамдық бәсекеге деген қабілетін арттырып, ұрпақ тәрбиесінде жаңа мүмкіндіктер ашу.

Бұл мәселелер жөнінде мынадай істер атқарылады:

Тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас отбасыларға берілетін несие үлесін 25 пайызға дейін ұлғайту;
– 1,5 миллион жасты бұқаралық спорт пен экологиялық жобалармен қамту;

– NEET деп аталатын жастар санатын қолдау шараларына ерекше назар аударылып, жұмыссыз жастардың санын 5 пайызға дейін төмендету;

– 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттанушылық деңгейі 80 пайызға дейін көтеру.

Бұл жобаға жалпы 119 миллиард теңге жұмсалу көзделіп отыр.

"Жобаға 119 млрд теңге бөлініп, ол  2025 жылға дейін жүзеге асырылады. Бұл соманың басым бөлігі республикалық бюджеттен – 110 миллиард және жергілікті бюджеттен 9 миллиард бөлінеді. Әр теңгені мамандар егжей-тегжейлі есептеп, әр жоба жан-жақты қаржылық сараптамадан өтті. Оның үстіне бұл жобаларды іске асыру барысы үнемі бақылауда болады", - деді Балаева ОКҚ брифингінде.

А. Оралқызы