Учаскелік полиция – құқық бұзудың алдын алудағы негізгі буын

Учаскелік полиция – құқық бұзудың алдын алудағы негізгі буын
Фото: pkzsk.info

Учаскелік полиция жұмысы – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункционалды қызмет. Олар әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын өз бетінше қарайды және жаза қолданады. Дегенмен олардың мәртебесін арттыра түсу әлі де мән маңызға ие. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте айтылды.

Учаскелік полиция инспекторлары азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерге қатысады. Сондай-ақ қылмыстың 12 құрамы бойынша, оның ішінде есірткіні заңсыз пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою бойынша қылмыстық іс жүргізеді.

Жалпы, учаскелік полиция - бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпы жүйесіндегі негізгі буын. Тек олар ғана тұрақты негізде халықпен жеке байланыста болады, ал кейбір ауылдарда учаскелік полиция қызметкері – құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі. Бұл жерде ол заңдылық пен ауыл тұрғындарының тыныштығының кепілі болып табылады, оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етеді, - деді ОКҚ өткен брифингте  ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев.

Учаскелік полицейлер есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүрген тұлғаларға да бақылау жасайды. Нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалайды. Қазіргі кезде полиция есебінде осындай 100 мыңға жуық азамат тұр.

Алдағы 5 жыл ішінде елімізде жылына 78 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланған. Бұл жайында ІІМ өңір әкімдерімен ынтымақтастық туралы тиісті меморандумдар жасаған.

Учаскелік пункттердің орналасуына ерекше назар аударылатын болады. Қазір қалалық учаскелердегі жұмыс орындарының шамамен 30% қызмет көрсету учаскелерінен алыс орналасқан, кейде 2,5 км асады. Нәтижесінде азаматтардың көбінесе учаскелік инспекторға жеке бару мүмкіндігі жоқ.  Сондықтан учаскелік инспекторлардың орналасқан жерлерін қызмет көрсетілетін учаскелерге барынша жақындату мәселелері пысықталуда.

Алдағы уақытта учаскелік полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру жайы да қарастырылған. Қазір учаскелік инспекторлардың еңбекақысының мөлшері 177 мыңнан 260 мың теңгеге дейін. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап учаскелік инспекторлардың еңбекақысы тағы 30%, ал олардың көмекшілерінің еңбекақысы 7%-ға көтеріледі, - деп атап өтті Баймұқашев өз сөзінде.

Қазақстанда учаскелік инспекторлар штаты 5900 қызметкерден, сондай-ақ 600-ден аса көмекшіден тұрады. Сондай-ақ әрбір учаскелік инспектордың жанынан көмекші бекіту жоспарланған. Алдын ала есептеулер бойынша учаскелік полиция мен олардың көмекшілерінің штаты ішкі резервтер есебінен 1 131 қызметкерге ұлғайтылуы мүмкін.

Н. Үсенова