Орынша Қарабалина-Қазыбаева: «Ұзақбай Құлымбетов қазақ мемлекетінің қалыптасуына сеп болған тұлға»

Орынша Қарабалина-Қазыбаева: «Ұзақбай Құлымбетов қазақ мемлекетінің қалыптасуына сеп болған тұлға»
Фото: massaget.kz

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1937-1938 жылдардың зобалаңы қазақтың талай боздақтарының ғұмырын қиды. Кейбір деректерге сүйенсек, сол кезеңде елімізде 25 мыңнан аса адам қаза тапқан. Тарихшылар қазір "ұлы террор" деп атап кеткен оқиғаға кімдердің кінәлі екені, осы саясатқа бірінші болып қарсы шыққандардың аты-жөндері аз айтылады. Сол арыстардың бірі қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келген мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов еді.

Ол 1937 жылы қыркүйекте 19 наркоммен бірге қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында (47 жасында) «халық жауы» деген жалған жаламен атылды. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды. Ұрпақтары 20 жыл бойы «халық жауының» балалары болып елімізден жырақта жүрді.

Ұзақбай Құлымбетовтің жастар арасында ғана емес, сонымен қатар қоғамда көп насихатталмай жүргенін ескеру мақсатында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз, көрнекті мемлекет қайраткерінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Орынша апа, белгілі тарихшы Талас Омарбеков Ұзақбай Құлымбетов туралы «Оны Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек» дейді. Онымен тағдырлас, қызметтес, үзеңгілес болған С.Сейфуллин, О.Исаев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, т.б. қайраткерлер халыққа кеңінен танылып, олар туралы кітаптар, деректі фильмдер жарық көрді. Мүсіндері орнатылып, мектеп, институт пен ауылдарға есімдері берілді. Бір өкініштісі, Ұзақбай Құлымбетовке елімізде бір мектептің де аты берілмепті. Өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан тұлғаның еңбегін елейтін, ерлігін ескеретін кез жеткен жоқ па?

– Ұзақбай Құлымбетов 1925 жылы Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы кезінде «Қазақстан кәсіп шаруасының осы күнгі хәлі мен болашағы» деген баяндама жасады. Ол қазақ жеріндегі өндіріс орындарын үшке бөлді.

Біріншісі, Қарсақбай, Спасск, Екібастұз, Риддер, Жітіқара алтын өндіретін зауыттары. Бұл зауыттардың қазаққа пайдасы жоқ еді. Еліміздің онда өндірілетін бар байлығын Ресей алып кететін.

Екіншіден, Қазақстанның иелігінде 11 ұсақ кәсіпорын бар. Олар: Алматыдағы шұға фабрикасы, Петропавлдағы тері зауыты, Тұзтөбенің тұз зауыты т.б ұсақ кәсіпорындар.

Үшіншісін жеке адамдар басқарды. Олар бидай тартатын диірмендер, ұн, тұз кәсіпорындары еді. Міне, бұл Қазақстандағы 1925 жылғы бар өндірісінің көрінісі.

«Кәсіпорындардағы машина құралдары, үйлері басқа да керек жабдықтардың  45-65 пайыз тозған. Тозғандарды бірте-бірте жамап келеміз. Бірақ көпке шыдамайды. Қаржы жоқ. Орталықтың берген қаржысы аз. Ресейдің халық шаруашылығы мекемелері Қазақстанда сауда, пайданың артына түсіп кеткен. Олар сол саудадан пайда көріп отырғаннан кейін кәсіпорындарға көмектесіп, тілектес болуы керек қой. Дұрысында біздің орталықтан (Мәскеу) алғанымыздан бергеніміз көп. Шындап келгенде орталықтан алмауға да, бермеуге де тұрамыз. Оған орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін!» - деген Құлымбетовтің сөздері оның батыл, шындықты тура айтатын азамат екенін білдіреді.

Міне, Құлымбетов бұл сөздерді 1925 жылы айтып отыр. Ол кезде автономиялық Республикамыз.

Құлымбетов КСРО-ның өнеркәсібі мен біздің өнеркәсіпті салыстырған.  Біздің өнеркәсібіміз кеңестің 1,2 пайызын ғана құрайды екен. Сұмдық па, сұмдық. Бұл біздің өнеркәсіптің  мүлде артта екенінің бір айғағы. «Қазақ өнеркәсібінің жағдайы және оны дамытудың жолдары» деген баяндамасында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіру жолдары туралы айтады. РСФСР халық комиссарлары арқылы Бозбие, Жітіқара, Аққорған алтын кенін Қазақстанға қайтару жөнінде мәселе көтерген. Түсті метал өндірілетін Риддердің әлемдік маңызы туралы, Атбасар мыс зауытына ерекше мән береді. Елек тұз өндіру кәсіпорынын игеру, Ембі мұнай өнеркәсібін дамыту, мұнай өңдейтін зауыт құрылысын салу мәселелерін көтереді.

Осы арқылы Құлымбетов Қазақстанның экономикалық кіріптарлығын жоямыз деп отыр. Бұл деген үлкен мәселе ғой.

Енді қара, бұл мәселерді 100 жыл бұрын Құлымбетов көтеріп отыр. Қазір тәуесіздікке қол жеткіздік. Әлемге өзімізді мойындатқан ел болдық. Заман дамып жатыр. Бірақ кейбір мәселелер шешімін тапты деп айта аламыз ба?

Егер біздің өнеркәсібіміз керемет дамыса шетелдің өніміне тәуелді болмайтын едік. Қазір сырттан келетін өнімге тәуелсізбіз деп айта аламыз ба?

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева

–  Ұзақбай Құлымбетов сол кездің өзінде заманның алдағы уақытта қалай аунап түсерін, болашақта экономика бірінші орынға шығып кететінін, экономикасы тұрақты, өндіріс орындары бар елдің тәуелсіздігі қуатты болатынын алдын ала болжап отыр ғой?

– Біз жаңа Құлымбетовтің ірі өндірістерді салу туралы баяндамасын айтып өттік қой. Ол: «Ірі өнеркәсіптерді сала отырып, ұсақ өнеркәсіптерді де дамытуымыз керек» деп тері, былғары, жүн өңдейтін кәсіпорын салу туралы программа ұсынады.

Мысалы, «Бізде шикізат көп» дейді Құлымбетов. «Ірі қара мал терісін алсақ, 817 мыңға жетеді. Соның 140 мыңын ғана пайдаға жаратамыз. Бұл 17 пайыз  өнімді өзіміз пайдаланып, қалғанын шетке шығарамыз деген сөз. Уақ мал терісі 3,772 мың тонна. Оның 130 мыңын ғана іске жаратамыз. Бұл 3,6 пайыз деген сөз. Қой-ешкіден жылына 10 мың тонна жүн аламыз, оның 6,4 пайызын, ал түйеден жылына 2 мың тонна жүн, оның 2 пайызын ғана іске жаратамыз. Міне осының бәрі ауылшаруашылығының өнімін, әсіресе малдың өнімін өнерлі кәсіпорындар құшағына ала алмай отыр» дейді. Яғни бізде шикізат бар, бірақ оны өңдейтін зауыт-фабрикалар жоқ. Біз тері илейтін, жүн өңдейтін зауыттарды ашсақ, шаруа өз өнімін қалаға әкеліп тапсыратын еді. Қызығушылығы артып, ауыл мен қала арасында байланыс орнайтын еді» дейді.

Бұл мәселелер қазір де өз шешімін тапқан жоқ. Шаруаның өнімі ысырап болып жатыр. Оны пайдаға асырып жатқанымыз жоқ.

«Қазақстанның экономикасына нарықтық қатынастарды енгізуге жәрмеңкелер септігін тигізеді. Сондықтан Қостанай, Қарқаралы, Семей, Қызылорда, Темір, Ойыл секілді жерлерге жәрмеңке ашу керек. Моңғолиямен және Қытаймен байланыс орнатайық» - дейді Құлымбетов. Осының бәрін кешігіп болса да, жүзеге асырып жатырмыз. Осы арқылы ауыл адамын қалаға, қала адамын сауда арқылы шетелмен байланыстырып, қазақ тұрмысын жақсартуды көздеген ғой. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М. Молотовқа жолдаған хатында Қазақстандағы мал басын көбейту үшін Батыс Қытайдан мал сатып алуды Зайсан мен Қарқарада сауда жәрмеңкелерін ашу арқылы жүзеге асыру жолы туралы жазады.

Мал шаруашылығын дамытуға тырысқан

Құлымбетов мал шаруашылығымен еліміздің тұрғындарының 57 пайызы айналысатынын айтқан.

Бірақ мал шаруашылығын әлі жоғары дәрежеде дамыта алмай отырмыз. Себебі біз Столыпин реформасының кесірінен мал жайылымы болатын 40 миллион десятина шұрайлы жерімізден айрылып қалдық. Одан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы қала берді 1920-1921 жылдардағы жұт қатты әсер етті. Мал шаруашылығын дамыту үшін құнарлы жер керек. Ол жерге шығатын шөпті мезгілінде орып алу керек. Мал басының өспей жатқанының тағы бір себебі мал дәрігері жоқ. Мал дәрігерлігі курсын ашу керек. Мал дәрігерлері санын көбейтіп қана қоймай, оларға арналған әдістемелік кітапшаларды қазақша шығару керек деген.

– 1928 жылы «Қазақстанды аудандастыру» атты мақаласы туралы айта аласыз ба?

Құлымбетов аудандастыру жұмысына баса назар аударған. Бұл сұрақ өте қиын. Менің білетінім осы күрделі жұмысты Құлымбетов бастаған топ орындап шықты.

Алғашқы бесжылдық жоспарды жобалаудың басы-қасында Құлымбетов болды

Мамандардың жетіспейтін кезі. Түркісіб темір жолын салу, Республиканың экономикалық базасын жасау керек. Ол үшін Ақтөбеде фосфор тыңайтқыштарын өндіретін химия комбинатын, Балқаш мыс балқыту комбинатын, Шымкент қорғасын зауыты сиықты өндіріс орындарының құрылысын салу арқылы Республиканың экономикалық базасын құру керек еді. Міне, осындай ірі жұмыстардың басы-қасында Құлымбетов болды.

Индустрияландыру жұмысы, Латын алфавитін енгізу, Қызылордадан астананы Алматыға көшіру жұмысы, алғашқы конституция қабылдау осының барлығына басшылық жасап отырған Құлымбетов еді. Бірақ Құлымбетов туралы деректі фильм жоқ.

– Дзержинский Құлымбетовті қалай мойындап еді?

Москвада ВСНХ жиынында Құлымбетов былай деп сөйлеген: «В свое время на союзном совещании при ВСНХ Союза, под председательством товарища Дзержинского, я выступил очень резко и мое резкое выступление было напечатано в «Экономической газете». И когда Президиум ВСНХ РСФСР потребовал, чтобы я взял обратно свои слова, Дзержинский сказал: «Кулымбетов слова обратно не возьмет, вы докажите это извращение только делом», - деді

Міне осындай сындары Құлымбетовтің түбіне жетті ғой.

– Ұзақбай Құлымбетов әу баста ел басқаруға ұстаздық арқылы келді ғой. Кейінде осы білім саласын назардан тыс қалдырмай, мақалаларында білім саласын дамыту туралы мәселе көтеріпті?

– Иә, Құлымбетовтің назарынан білім саласыда тыс қалмаған. Мысалы, 1925 жылы қазақ жеріндегі мектеп жасындағы балалардың 25 пайызы ғана білім алған. Ал сол 25 пайыздың тек 12 пайызы ғана қазақ балалары екен. Салыстыру үшін айтайын, Еділ өзені бойында Неміс автономиясындағы мектеп жасындағы балалардың 95 пайызы оқыған. Ал оның 95 пайызы да неміс балалары. Ресейдің губернияларында қағаз-қалам ұстаған балалардың 80 пайызы орыс балалары. Ал бізде қазақ балалары 12 пайыз ғана деп айтып өттік.

Бізде мектеп жасындағы балалар мектепке толық тартылмаған, себебі, біріншіден, мектеп аз. Ал мектепке ақшаны орталық береді.  Екінші себеп – мектеп салған күннің өзінде білім беретін мұғалім тағы жоқ. Ал бар мұғалімдердің білімі жетпейді. Құлымбетов мұғалімдердің қысқа мерзімді курстан алған білімдерінің жеткіліксіз, негізгі білім беретін жер – институт екенін айтады.

1927 жылы Қызылордадан астананы Алматыға көшіру туралы комиссия басшысы Құлымбетов бірден Ташкенттегі пединститутты Алматыға көшіру мәселесін көтерген. Келесі жылы ол оқу орны Алматыға көшірілген.

Біз осыларды анықтап айтпасақ айтылмай қала береді. «Құлымбетовке өз заманындағы өкімет қарыздар» деп еді философия ғылымдарының докторы Кенжебаев С.

 Ақтөбеде, Қызылордада, Семейде жалпы алты облыста екі жылдық институттарды аштырған Құлымбетов. Сол екі жылдық инстуттардың негізінен төрт жылдық институттар құрылды. Жүрген жерінің барлығында Құлымбетов мектеп аштырған. Ақтөбе губерниясында бөлім меңгерушісі боп отырған кезде, Торғайда, Ырғызда, Ақтөбе қаласында, Ақмола губерниясында балалардың білім алуына көп күш жұмсады.

Құлымбетов Қарақалпақстанға барған кезде бір топ бала шұбырып жүр дейді. Оларды Құлымбетовке жақындатпайды. Балаларды байқаған ол: «шақырыңдар сөйлесейін» деген. Осылай 17 баланы Алматыға әкеліп  орналастырған. Құлымбетовтың 100 жылдығында «біз осы кісінің алып кеп орналастырған балалардың ұрпағы едік» деп келгендер көп болды. Одан кейін 1923-1925 жылдары Ақмолада мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын алғашқы курс ашқан. Сол курсты бітіріп шыққандар – кейін Қазақстанның басшылық лауазымын атқарды. Қазақстандағы Ғылым Академиясының жандануына қаржы бергізіп, қазақ студенттерін ғылымға тартуды жүзеге асыруды да ұмытпаған.

– Рысқұлов Түрксіб теміржолының салынуын Мәскеуде отырып басқарса, оның басы-қасында болған, қайнаған жұмыстың бел ортасында жүріп басшылық жасаған Ұзақбай Құлымбетов еді. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Түрксіб темір жолын салу оңай болған жоқ. Темір жол бес жылда салынуы керек еді. 1927 жылы басталып 1930 жылы бітті. Шаруалардың барлығын жұмылдырды. Олар құм тасыды, түйемен бөрене тасыды, азық жетпей қалатын кездері де болды. Ыстық-суықтықта да халық жаны қалмай жұмыс істеді. Түркісіб темір жолының құрылысы кезінде Құлымбетов мынадай мәселеге көңіл аударған. Ол кездегі үкіметтің басты мақсаты жұмысшы табын көбейту еді. Құлымбетов шаруалар жұмысшы мамандығын алса екен деді. Сөйтіп, темір жолда жұмыс істеп жатқан қазақ шаруаларының санын көбейтуге атсалысты. 

«Жұмысшыға айналған адамның жағдайын жасау керек, зауыт, фабрикаларда қазақ жұмысшыларының саны көп болсын. Оларды жатақханамен қамтамасыз етіп, жалақысын уақытында беріп, жыл сайын әрбір кәсіпорын 50-60 қазақ жұмысшысын Санкт-Петербург, Екатеринбург, Ресейдің өндірістік қалаларына жіберіп, мамандығы бойынша өсіп, өзінің кәсіпорнын басқаратын болсын», - деді.

Бұл Құлымбетовтің нағыз ұдижанды азамат екендігін көрсетпей ме?

– Ұжымдастыру кезінде Ұзақбай Құлымбетов «Негізгі қателік Голошекиннен кетті» деп алғаш болып батыл айтқан екен. Осы туралы толық айтып өтсеңіз?

– Ұжымдастыру бізде зорлықпен, дайындықсыз жүргізілді. Сталиннің оң қолы – Голощекин мемлекетті басқарды. Ол қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын білмейтін адам. Осындай адамды қазаққа басшы етіп жіберді.

Голошекиннің үлкен қателік жібергенін 1933 жылы шілде айындағы VI пленумда Құлымбетов: «Голощекиннің республиканы басқару әдісі дұрыс болмады. Республиканың негізгі күн көріс кәсібі – мал шаруашылығы. Оны Голощекин мойындамады, ескермеді және түсінбеді. Сондықтан ұжымдастыру кезінде ауылшаруашылығымен айналысқан адамдарды қалай ұжымдастырса, колхоздостыруды соның әдісін мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға қолданды» дейді.

Ал 1933 жыл шілденің 14 күні жасаған баяндамасында: «Мен де өлкелік комитет бюросының мүшесімін. Мен де Қармысов (Қармысов –  Голощекиннің екінші орынбасары) сынды қызметшімін. Бірақ арбакештің атындай болдым. Не бұйырса соны істедім. Айыптың барлығы Голощекин мен Исаевта бізде кінә жоқ дей алмаймын. Менің ойымша, баяндама жасаған Ораз Жандосов та, Садуақасов, Сегізбайұлы және басқалар қателердің себебін саясаттық жағынан дұрыс талдап берді. 1925-29 жылдар аралығында әжептәуір табысқа жеттік. Ал 1930-31 жылдарға келгенде жаңа бағытқа бет бұра алмадық. Саясатта бәріне де дер кезінде үлгеру керек. Әйтпесе Жерқаптаудың басында қаларың даусыз мәселе. Оның басында қалғанша өз басыңды жарғаның игі деп білемін. Ізмұхан Қырамысұлы жолдас бұл бағытта көп қателік жібергендерін айтты. Ол Голощекиннің екінші адамы болды. Ауылда жолсыздық болып жатыр деген сыбыс естілсе Голощекин алдымен Ізмұханмен ақылдасатын. Көбінесе сол екеуі бір-бірінің көңілін жұбатып, мұның бәрі байдың қылығы, кейбіреулердің ісі деп қоя салатын. Елден түскен хабарлардың ешқайсысына мән бермейтін. Ізмұхан ол жөніндегі айыбын дұрыс мойындады. Өзінің жауаптылығы ешкімнен кем еместігі, қайта Ораздан анағұрлым көп екендігін айтты. Ораз және басқа жолдастар Голощекиннің пікіріне қосылмаған уақытта Ізмұхан ылғи бірінші хатшы жағына қарай жығыла кететін. «Бұл сендердің қиыншылықтан қаймыққандарың, ұлтшылдардың кеңес өкіметіне жүргізіп жатқан ықпалы» деп жеңістік бермейтін. Алайда, Ізмұхан жолдас кеш те болса өз қателерін мойындауға мықтап тырысып көрді. Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен үш күн бойы айтысып әуре болдық. Пленумнан кейін обком хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырып, олардың ауылдың қамын жемей отырғандығын айтайық дедік. Обком хатшыларының өздеріне әдейі ескертейік деп қолқа салдық. Амал не мұндай мәжілістің шақырылу қажеттілігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды: «Маған неғыл дейсіңдер?! Көшпенділік, көшіп-қону – бұл елдің негізгі өмір салты. Сендер сол көшпенділердің негізгі өмір салты болып тұрған көшпенділікті бір жиналыспен тоқтата аласыңдар ма?» деді. Қазақ малын, дүние-мүлкін артып алып көшіп жүрсе бір сәрі, өзі тамақтан тарығып, аштан азып-тозып, қала-қаланы, темір жол станцияларын, базар-базарды кезіп, тентіреп жүрсе ол ежелгі тұрмыс салты емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгі тұрмыс-салт пен оның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық.  Бірақ амал нешік, сонда Голощекиннің оң тізесін басып отырған Ізмұхан жолдас та оны қолдады. Бұл мәселе тіпті болмағаннан кейін орталық комитетке жеткізетінімізді аңғарттық. Ақырында мәселе бюроға келіп тіреліп, онда сөз болған мәселе саясаттық тұрғыдан күн тәртібіне қойылды. Обком хатшыларының ішінде Беккердің өзі болып бұл мәселеге енжар қарағанын мойындады», - дейді.

Осыдан соң шаруалар жағдайын жақсарту шаралары қарастырыла бастады. Бірақ Голщекин ауылға, ауданға ет керек деген жедел хатымен шаруаларға жағдай жасауды ұмыттырды.

Ұзақбай Құлымбетовтің нұсқауы деп көрсетілген «өте құпия» деп белгі қойылған Алматыдағы бұрынғы Торговая мен Пролетар көшелерінің қиылысында ашаршылықтан зардап шеккендерге арнап асхана аштырған. Ашаршылықты орталық ұйымдастырды деп айтамыз ғой, сол орталықтан жасырғаны болуы керек.

– Деректерге қарап отырсақ, Әбділдә Тәжібаев «Ұзақбай Құлымбетов 40 жастағы жігіт еді. Соның өзінде ол ақсақал дәрежесінде мойындалатын еді. Бұл кісі трибунада тұрғандағы тұрысы жарасымды, қара торы, екі тілде бірдей шешен сөйлейтін, жұртты сендіріп сөйлейтін азамат болатын» деп жазған екен. 40 жаста «ақсақал» атанған адамның халыққа ғана емес жеке адамдарға жасаған жақсылығы да аз болмаса керек. Соның бірін тілге тиек етсеңіз?

– Ұзақбай Құлымбетов үлкен қызмет атқарды. «Билік – халықтікі» деген. Ол кісінің кабинеті кез келген адамға ашық болған. Оған мысал келтірейін: бізде 1960-1970 жылдары Ішкі істер министрі болған Қыпшақбаевпен бірге ағайымыздың үйінде қонақта болдық. Ол кісі Семейдің тумасы, бастапқыда мұғалім болған. Ол кездің мұғалімдеріне жағдай жасалған, үй берген. Сол үйге әке-шешесін көшіріп алған. Қызметін атқарып жүрген кезде әскер қатарына шақырылып, Алматыға келген. Оңтүстік шаһарда қызметін атқарып жүргенде ата-анасынан «Бізді үйден шығарып жіберді. Не істейтінімізді білмейміз. Қыс келе жатыр» деген хабар келеді. Қыпшақбаев не істерін білмей сасып, болған жайтты командиріне айтады. Сонда командир қолынан ештеңе келмейтінін, Ұзақбай Құлымбетовке баруы керегін айтады. Оның есігі қашан барсаң да ашық болады, сол кісі ғана көмектесе алады деген. Бұл кезде Құлымбетов Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы еді. Сөйтіп Қыпшақбаев Құлымбетовке келген. Ұзақбай Құлымбетов керек адамдарды шақырып «Семейге хабарласыңдар, әке-шешесін қайтадан үйіне кіргізсін. Отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етсін» деп айтқан. Бір айдан кейін Семей басшысынан «Алаңсыз қызметіңде бол. Әке-шешең бұрынғы үйіне қоныстанды. Азық-түлік пен отынмен қамтамасыз еттік» деген Қыпшақбаевқа жеделхат келген.

– Ұзақбай Құлымбетов АЛЖИР, КарЛАГ лагерлерінің ашылуына да қарсы болған екен?

– КарЛАГ лагерін ашайық деп,  110 мың гектар жер сұрап 1930 жылы РСФСР-дің Совнаркомі Қарағандымен байланыс жасаған. Ал Құлымбетов Қарағанды басшыларына орталықтың сұраған жерін шет аудандағы колхоздарға беріп жіберіңдер деген. Бірақ, партиядан да облыс басшылығынан да күшті НКВД билігі бар еді.  Бұл тапсырмасы сондықтан орындалмай қалды.

РS. «Ұзақбай Құлымбетовтің 125 жылдығында Бердібек Сапарбаевтың арқасында Ақтөбеде бір мектепке аты берілді. Енді 130 жылдығы болайын деп жатыр. Қазақ республикасының негізін қалаған Құлымбетов деп айтсам қателеспегенім. Қазақстан Одақтық Республикаға айналды. Қазақстанның бірінші Конституциясын жасаудың басы-қасында жүрді. Қазақстанның алғашқы картасын жасатты. Алматыдағы Ботаника бағын аштырды. Қаланы батысқа қарай создыртты. Қала құрылысына қажетті кірпіш зауыттарын, халыққа қажетті фабрикаларды, нан зауытын салдыртты. Әлі мұрағаттағы көп материал ашылған жоқ. Міне осындай халық үшін  соңғы демі шыққанша қызмет еткен мемлекет қайраткеріне елорданың бір көшесін әлі ала алмай отырмыз», - дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Т. Раушанұлы