108 мың алматылыққа коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге беріледі

108 мың алматылыққа коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге беріледі
Фото: tengrinews.kz

108 мың алматылық төтенше жағдайға байланысты коммуналдық төлемдерді төлеу үшін 15 мың теңге алады. Қаланың әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының тізімін жасады.

"Тізімді бүгін үшінші рет жаңарттық. Егер басында 60 мың адам болса, қазір 108 мың адам болды. Біз тізімдерді Энергетика басқармасына беріп жатырмыз", - дейді Алматы қаласы Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Рахат Шимашева.

Қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев көмек сұрап байланыс орталығының нөміріне қанша адам қоңырау шалғанын айтты.

Сәуірде 42 500 теңгені кім алмайтыны белгілі болды

"Бізге көптеген адамдар қоңырау шалып жатыр. Соңғы үш күнде 20 520 қоңырау келіп түсті. Біз солардың 4073-іне назар аудардық, тек 2011 адамның ғана арызы қабылданды", - дейді ол.

Еске салсақ, 23 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезеңінде коммуналдық қызметтердің құнын төмендетуді тапсырған болатын. Карантин енгізілген аймақтарда екі айдың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының абоненттік шоттарына 15 мың теңге жіберіледі деген шешім қабылданды.

15 мың теңге кімдерге беріледі?

Карантин енгізілген аймақтарда екі айдың ішінде азаматтардың келесі санаттарының абоненттік шоттарына 15 мың теңге жіберіледі:

- 1, 2, 3 топтағы мүгедектер;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көп балалы отбасылар;
- ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде әскери қызмет атқару кезінде, ғарышқа ұшуға дайындық немесе ұшу кезінде, адам өмірін сақтауда, заңдылық пен тәртіпті қорғауда қайтыс болған адамдардың отбасылары;
-төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
- Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

20 сәуірде өткен брифингте Алматы қалалық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы төлемдер алгоритмін жариялады. Өтініш беру үшін алматылықтар өздерінің мәртебелерін жұмыс уақытында 341-05-27 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы растауы керек.

Т. Раушанұлы