Әділдік пен Өрлеу

Әділдік пен Өрлеу
Фото: ia-centr.ru, akorda.kz

Қазақстан мемлекеті жаңа кезеңге аяқ басты. Сабақтастық, әділдік, өрлеу кезеңі. Биліктің сабақтастық жолымен ауысу дәстүрі де осындай мүмкіндікке жол ашты.

Қазақстан  мемлекетінің тәуелсіздік  кезеңінде  дипломатиялық беделге ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  сынды, билік элитасының  ірі саяси өкілінің мемлекет басына келуі тарихи шешім болды. Еліміздегі жаңа бетбұрыс, жаңа саяси қадам еді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мұндай шешімі  қазақ  елінің  ертеңгі күніне деген сенімін орнықтырып, анықтап  берді.

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы ықпалы мен  зор беделі еліміздің дамуына жаңа қарқын берді. Мемлекет басшысының қазіргі жүргізіліп отырған реформалары халықтың  қолдауына кеңінен ие болып отыр.

Қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын, ұстаздар мен мәдениет саласындағы еңбек адамдарына, көп балалы отбасыларға жасаған қамқорлығы аз уақытта  елдің еңсесін тіктеп үлгерді.

Президент төрт құндылықты негізге алды. "Адамдарды тыңдап, түсіне білу. Үлкенді сыйлап, құрмет көрсету. Жастардың кәсіби тұрғыдан және тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау" қағидасын жүзеге асырды. Ең бастысы – халықты тыңдайтын билік құрды. Білімді, ықпалды жастардың жаңа буынын  мемлекеттік қызметке жасақтады.  Бұл жаңа реформаның үлгісі!

Жыл басында  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болдым. Қазақтың еңселі Ақордасын алғаш рет көрдім.
Сырым батырдың: "Мен ағайынды екеумін: біреуі - өзім, екіншісі - халқым" деген қанатты сөзі бар.  Осы қағиданы Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс тәсілінен, азаматтық ұстанымдарынан, табиғатындағы жаратылысынан аңғарамыз.

Президент тазалығымен, әділдігімен, парасат пайымымен, бел буып, шешім қабылдайтын қайсарлығымен, батырлығымен халқының бел ортасынан табылып келеді. Ол ешкімді бөліп жармайтын, бөтен көрмейтін қайырымды жан. Сол мінезімен-ақ халқының  жүрегінен орын алып үлгерді, ешбір жасандылыққа бой алдырмай халық қолдауына ие болды.

Бұл кісінің бойындағы зиялылыққа қызығамын. Сол жолы мемлекет басшысының қабылдауында болу мүмкіндігі маған зор қуаныш сыйлады. Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанында Қ. К.Тоқаевтың  сенімді өкілі болғанымды мақтанышпен айта аламын.

Мемлекет басшысы бейбітшілігімізді мәңгілік, болашағымызды жарқын  еліміздің беделін үстем ететініне де сенеміз.

Күллі әлем үрей мен үміттің арасында  жорға да, жүйрік те болып өмір сүріп келеді. Табиғат та, адам құндылығы да  өзгерген  дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Уәдесін орындайтын, адалдықты бағалай білетін президентіміз барда ұлтымыздың рухы күшті, сенімі берік!!!  

Роза Мұқанова
жазушы, драматург

Н. Үсенова