Төтенше жағдай кезінде АӘК қалай жүзеге асырылады?

Төтенше жағдай кезінде АӘК қалай жүзеге асырылады?
Фото: ult.kz

Еліміздегі коронавирус індетінің таралуына байланысты 2020 жылдың сәуір айынан бастап қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдармен байланыссыз атаулы әлеуметтік көмек (АӘК)  ала бастайды.

Аталған әлеуметтік көмекті қайта тағайындауға қатысты мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары арқылы нақтыланатын болады.  Атап айтқанда тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүліктің болуы, кірісі және т.б.

Отбасы құрамы өзгермеген болса, тағайындауға өтініштер қолда бар мәліметтер негізінде жасалады. Бұл үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері І тоқсанда АӘК алған азаматтар үшін өтініштерді дербес қалыптастырады және АӘК тағайындау өлшемдеріне сәйкестігін тексереді.

Барлық ақпарат пен хабарламалар электрондық пошта немесе жедел хабар жіберу арқылы жіберіледі.

І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған азаматтарға АӘК тағайындау үшін egov.kz порталы арқылы өтініш жіберу қажет.

Әрі қарай жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында тексеріп, нәтижесін электрондық пошта немесе жедел хабар алмасу арқылы хабарлайды.

Сонымен қатар, учаскелік комиссиялар тексеру жүргізбейді. Азаматтардан барлық қажетті құжаттар электронды пошта немесе жедел хабар алмасу арқылы сұралады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың басынан бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы тағайындалды.  Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында АӘК-ті тағайындау тетігін оның ашықтығын, әділеттілігін және жұмысқа ынталандыруды қамтамасыз ету үшін түзетуді тапсырған болатын. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жан-жақты жүзеге асырылды және оған мыналар кіреді: көп балалы отбасыларға арналған жаңа мүмкіндіктер, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама. Жыл басынан бері 102,4 мың отбасы немесе 527,6 мың адам АӘК алушылар болды. АӘК алушылардың 41,5 пайызы – көп балалы отбасылар.

Т. Раушанұлы