Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге мемлекет қандай қолдау білдіреді?

Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге мемлекет қандай қолдау білдіреді?
Фото: Қазақ газеті

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты халыққа жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы тапсырма негізінде жыл басынан бері 412 отбасы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды.

Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі. Жыл басынан бері осындай өңірлерге жалпы саны 1437 адам (412 отбасы) көшті. Оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің ішінен 319 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы — еңбек нарығын дамыту және тұрғындардың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы өңірлерді жандандыру. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары да көзделген.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Олар төмендегідей:

- отбасы әрбір мүшесіне 35 АЕК (92 мың теңге) көшуге біржолғы төлем;

- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды жабу үшін, олар отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жеріне байланысты отбасына 12 ай ішінде ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) төленеді.

Биыл қоныс аударған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі де жалғастырылатын болады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы бойынша 714 жеке объект салынады, Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алынады.

2020 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының үшінші бағыты осы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады. Бағдарламаға қатысушылар жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде қоныстандырылады.

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан қоныс аударушылар өтініші қабылданса, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс күші қажет-ақ.

Н. Үсенова