Ұлт зиялылары айтқан Наурыз мейрамы

Ұлт зиялылары айтқан Наурыз мейрамы
Фото: ult.kz

Наурыз қазақтармен қатар шығыс халқының бірқатары тойлайтын мейрам. Оны б.з.б. IV ғасырдан бастап тойланғаны туралы деректер бар. Наурыз ескінің жаңарып, табиғатқа жан бітетін шақ. Қазақ халқы үшін жыл басы. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, тағы басқа ғұламалардың еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Осы орайда ұлтымыздың зиялылары айтқан наурыз туралы деректерді ұсынамыз.

"Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты – Наурыз дегізген. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: "Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар" деген – тіпті ескі мақал";

 Шәкәрім Құдайбердіұлы

"Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын "Салдама" дейді";

Мәшһүр Жүсіп

"Наурыз тарихын көшпелі халықтардың "хибиғи", "хұзағи" деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының "нау" сөзі әр түрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша "нов" (ай), немісше "нойе", латынша "нео". Осылайша "нау" сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған";

Абай Құнанбайұлы

"Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: "Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!" деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді";

Ахмет Байтұрсынұлы

"Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі";

Міржақып Дулатов

"Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Қазақ Жаңа жылын "Наурыз" дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сондықтан қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен… ұйымдастыратын мейрам ету керек.

"Әр халықтың өзінше Жаңа жылы, жыл басы болады. Азияда Жаңа жыл — жазғытұрым, қазақ елінде — наурыздың жиырма екісі. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды";

Мағжан Жұмабаев

"Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңелу сәті, халықтардың ынтымақ күні. "Наурыз – табиғаттың мейрамы".  

Сұлтанбек Қожанов

Т. Раушанұлы