Tengrinews.kz сайтының дизайны өзгерді

Tengrinews.kz сайтының дизайны өзгерді
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандағы ең танымал интернет порталдардың бірі – Tengrinews.kz-тің дизайны өзгерді. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.

"Бүгін Tengrinews.kz дизайнын өзгертеді. Артығынан арылып, сайттың бұдан да ыңғайлы әрі түсінікті болуын қалаймыз. Біздің концепция - "Біл, Оқы және Қара". Жаңа нұсқада өз видео және фотоконтентімізді көбейтеміз. Тоқтаусыз ақпарат пен автомат түрде жаңаратын жаңалықтар оқырмандарымызға уақытын үнемдеп, бұдан да көп маңызды мәлімет білуіне мүмкіндік береді.

Сайт кез келген құрылғы мен экранға жақсырақ бейімделетін болады. Бұл сыртқы өзгеріс қана емес. Жаңа дизайнның ішкі де техникалық ноу-хауы бар, бұл арқылы біз бұдан да жедел жұмыс істеп, жаңа форматтар мен сервистерді енгізе аламыз. Бұл - Tengrinews.kz тарихындағы ең ірі өзгерістердің бірі. 2020 жылға дайындаған жаңалығымыз мұнымен бітпейді. Бізді оқып, сайтымызға бей-жай қарамайтыныңызға рақмет!"- делінген хабарламада.

Айта кетейік, Tengrinews.kz 10 жылдан бері еліміздегі ең маңызды ақпараттарды тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз жариялап келеді. Бүгінде сайттың 24 сағаттық қолданушысы 500 мыңнан асады, ал қаралымы 2,5 миллион.

Т. Раушанұлы