Алматыдағы ұшақ апаты: 6 адамның жағдайы ауыр

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты.

Ұшақ апатынан барлығы 68 адам жарақат алды, олардың 51-і ауруханаға жатқызылды, оның тоғызы бала. 7 адам алғашқы медициналық көмектен кейін амбулатория бақылауына жіберілді.

12 адам қаза тапты. Олардың 8-і оқиға орнында, 2-уі тасымалдау кезінде және 2 ересек адам алған жарақаттарынан №4 қалалық клиникалық ауруханада қайтыс болды.

"Қазір ауруханаларда 37 науқас жатыр, олардың 6-ның жағдайы тұрақты ауыр, 31-нің жағдайы орташа. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатқан 7 адам және №4 қалалық клиникалық ауруханадан 1 науқас үйіне шықты. Олар ары қарай амбулаториялық ем қабылдайды. Сонымен қатар, орталық клиникалық ауруханадан бір науқас, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан екі ересек және бір бала үйлеріне шығарылды", - деп хабарлады басқарма.

Қазіргі уақытта шұғыл медициналық жәрдем орталығында 8 бала, № 4 қалалық клиникалық ауруханасында 17 ересек адам, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 5 ересек адам, орталық қалалық ауруханада 3 ересек, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 3 ересек адам, "Приват" клиникасында 1 ересек адам жатыр.

Ауруханалардың жансақтау бөлімінде 6 науқас жатыр. Барлығы ересек адам. 21 адамға ота жасалды. Оның ішінде 2 бала бар.

"Күн сайын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының және республикалық медицина ұйымдарының дәрігерлері консилиум өткізеді", - деді басқарманың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ұшақ апатынан зардап шеккендермен және қайтыс болғандардың отбасыларымен 57 психолог жұмыс істеп жатыр. Кезекші психологтардың кестесі жасалып, барлық нысандарға таратылды.