Мемлекеттің бас туы аза тұту күніне орай төмен түсірілді

Мемлекеттің бас туы аза тұту күніне орай төмен түсірілді
Фото: facebook.com

Нұр-Сұлтан қаласының ортасындағы Мемлекеттік ту Алматы маңында ұшақ апатынан қаза болғандарды аза тұту күніне орай төмен түсірілді.

Қазақстанның ең үлкен туы елорда орталығында "Атамекен" этно-мемориалдық кешені аумағында орнатылған.

Оның ресми ашылуы он жыл бұрын елорда күнін мерекелеу аясында өтті. Тудың көлемі – 450 шаршы метр, ал салмағы 100 килограмм тартады.

Ені 15, ұзындығы 30 метрлік елдің бас туы жай күндері 111 метр биіктікке көтеріледі.

1991 жылдан бастап Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан тарихында ұлттық аза тұту күні сегіз рет жарияланды.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Осы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Т. Раушанұлы