Алматыда "Қара майордың" құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Алматыда "Қара майордың" құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Алматыда Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімде аты аңызға айналған "Қара майор", полковник Борис Керімбаевқа арналған ескерткіш тақтасының салтанатты ашылуы өтті.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шарада әскери бөлімге Борис Керімбаевтің есімінің берілуі әскери қызметшілерге жүктелген жауапкершілікті сезінуге ынталандырады және ол халыққа қызмет етудің үлгісі болмақ. Шараға бөлімнің жеке құрамы мен басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері мен полковник Керімбаевтың жұбайы қатысты.

"Бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Әрине жоқтың орны толмас. Осы сапта тұрған бәріңіз үшін нағыз ұстаз бола білді. Мен барлықтарыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын", - деді Раиса Керімбаева.

Естеріңізге сала кетейік, әскери барлау қызметіне қосқан үлесі мен орны ерекше екенін ескере отырып, 2019 жылғы 4 қыркүйектегі Қорғаныс министрінің бұйрығымен арнайы мақсаттағы әскери бөлімге Борис Керімбаевтың аты берілді.

Полковник Б. Керімбаев, В.И. Ленин атындағы Ташкент жоғары жалпыәскери командалық училищесін тәмамдаған. Мотоатқыштар взводының командирі, Орта Азия әскери округының барлау ротасының, штабының және мотоатқыштар батальонының басқарушы қызметтерін атқарған.

1981 жылы Керімбаев Ауған еліне жіберілген болатын. Ол басқарған жасақ Пандшир шатқалындағы Ахмад Шах Масудтың моджахедтер құрамаларына қарсы тұрған. Сегіз айға созылған ұдайы атыстардан, қоныстану операциялары мен рейдтерден кейін моджахедтердің басшысы уақытша бітімге келісуге мәжбүр болды. Нәтижесінде Кеңес әскерлеріне қарсы топтардың жауынгерлік іс-қимылдары тоқтатылды.

Өз жасағы "Қара майор" деп атап кеткен сардардың есімі барлық әскери қызметшілердің мәңгі есінде қалды. Ауған елінен кейін Керімбаев 22-ші арнайы мақсаттағы бригада командирінің орынбасары, 546-ші арнайы мақсаттағы оқу полкінің командирі болып қызмет етті. 1992 жылы денсаулық жағдайына байланысты полковник әскери атағымен Қарулы Күштер қатарынан шығарылды.

2019 жылы 12 ақпанда ұзақ аурудан кейін Борис Керімбаев Алматы қаласында өмірден өтті.

Т. Раушанұлы