Елімізде жастарға арнап жалдамалы пәтер салынады

Елімізде жастарға арнап жалдамалы пәтер салынады
Фото: google.com

Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2022 жылдан еліміздің басқа да өңірлерінің жұмысшы жастарына жалдамалы пәтер салынуы мүмкін екенін айтты.

“2019 жылы 3 000 пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға берілетін болады. Болжанған жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал, тұрғын үй алаңы кемінде 40 шаршы метр. Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерге құжаттар қабылдау бүгін басталды. Алматы қаласы бойынша 200-ден аса өтінім түскен. Алдағы 3 жыл ішінде осындай 9 мың пәтер беріледі” деді Д.Абаев.

Осы ретте Дәурен Абаев бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкентке жаппай көшу керек екен деп түсінбеуі керектігін баса айтты.

“Сондықтан да, мұндай пәтерді алу шартының бірі – соңғы 2 жылда сол қалада тұрақты тұру керек. Сонымен бірге, егер сіздер қолдасаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеруге болады” деді министр.

Айта кетейік, Жастар жылы аясында жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жобаның бірі – 29 жасқа дейінгі жастарға арзан бағада жалдамалы пәтер беру. Бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және пәтерді қалай алуға болатынын осыған дейін жазған едік.

Т. Раушанұлы