Қазір жарылатын шығармыз деп ойладым - Үш баланы өрттен құтқарған Алмас

Қазір жарылатын шығармыз деп ойладым - Үш баланы өрттен құтқарған Алмас
Фото: tengrinews.kz

Баяғының батырлары бес қаруын асынып елін, жерін қорғаған. Ал бүгінгінің батырлары деп кімдерді айтамыз? Бейбіт заманда қолға қару алудың қажеті жоқ. Сондықтан, Отанға адал қызмет етіп, оқыс оқиға кезінде адамдарды құтқарып қалған жанды батыр десек жараспас па? Кейіпкеріміз Алмас Ризабеков өз оқиғасын Tengrinews.kz тілшісіне баяндап берді. 

Оқиға Талдықорған қаласы, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында болған екен. Алмастың айтуынша, оқиға 26 маусым күні таңғы 9-дан кете орын алған. Анасы екеуі әдеттегідей жұмысқа бара жатқан. Қысқа толқынды тоқтардың тұйықталуынан болған өрт кезінде үйде үлкендердің қарауынсыз 3 бала қалған. Тілсіз жауды көшедегі анасы мен ұлы Әлия Алдабергенова мен Алмас Ризабеков көріп қалған.

Алмастың айтуынша, өрттің лапылдай бастағанын анасы бірінші болып байқаған. Екеуі бірден өрт сөндіру бөлімшесіне хабарласқан. Ол үйдің ішінен балалардың даусын естіген соң бірден қақпадан секіріп кіріп,​ үйдің ішіндегі балаларды жалыннан аман алып шыққан.

"Ол жерде дер кезінде болғанымыз Алланың қалауымен солай болып тұр ғой. Әйтпесе 1-2 минут кешіксек мүмкін жаман хабар еститін бе едік, болмаса біз де бірге жарылар ма едік", - деп есіне алды Алмас.

©http://instagram.com/eskeldi_akimdigi/

Кейіпкердің айтуынша, ол қарапайым жанұядан шыққан. Отбасында төрт бала екен. Алмастың жасы 25-те. Аяқ киімдер дүкенінде жұмыс істейді. Алайда оқиға салдарынан алған жарақатының кесірінен жұмысқа шыға алмай отыр. 

"Ауырғалы жұмыста жоқпын. Әлі емделіп жүрмін. Аяғым тереңінен кесілген екен", - дейді Алмас. 

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ерен еңбегі үшін Алмас пен анасын балаларды құтқаруда көрсеткен батылдығы үшін алғыс хат және төсбелгімен марапаттаған екен.  

"Мемлекетке ескеріп жатқандарына рақмет айтамыз. Себебі біз мұндай әрекетке төсбелгі алайық деп бармадық. Ол жерде медаль тұрмақ өз өмірінді ұмытып кетесің", - дейді ол.

Өрт кезінде "қазір жарылатын шығармыз" деген бір ғана ой келді дейді Алмас. Екі баланы шығарып, үшіншісіне бара жатқанда от одан ары қатты жана бастағанын айтты Алмас. 

Сондай-ақ, Алмас оқиғадан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болған. 

"Бүгін Алмас Ризабековты қабылдадым. Жуырда бұл жігіт үш баланы өрттен аман алып қалған болатын. Ерлігі үшін алғысымды айтып, құрмет білдірдім. Алмастың ер мінезді барлығымызға өнеге. Осындай баланы тәрбиелеген ата-анасына да рахмет. Әңгіме барысында Алмасқа білім жолын жалғастыру қажеттігін алға тартып, өз кеңесімді бердім", - деп жазбасын бөліскен екен әкім.

©http://instagram.com/eskeldi_akimdigi/

"Аллаға шүкір. Ең бастысы үш бала аман. Аяғым да жазылып келеді. Олар біздің үйге жақын тұрады. Балалардың аман қалғанына біздің себепші болғанымызға іштей қуанамыз", - дейді Алмас.

 

Massaget