7 мамыр – "Отан қорғаушылар" күні

7 мамыр – "Отан қорғаушылар" күні
Фото: akorda.kz

1992 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып құрылды. Осы күні Елбасының жарлығымен ҚР Қарулы күштері де құрылған болатын. Жоғарғы қолбасшы болып Тұңғыш Президен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тағайындалды. Ал тұңғыш Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Нұрмағанбетов. 7 мамыр ҚР Қарулы күштерінің негізі қаланған күн болғандықтан жыл сайын дәл осы күні "Отан қорғаушылар" күні атап өтіледі. 

Мерекеге байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге еңбегі сіңіп жүрген және ерекше ісімен ерлік көрсеткен құқық қорғау саласындағы азаматтарды марапаттады. Ел басшысы Генералдан бастап сержантқа дейін жиналған құқық қорғау қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың игі істерін көпшілікке үлгі етті.

"Бүгінде 5 қаруы сай, заманауи технологимен жабдықталған күштік құрылымдар елдің берік қорғанына айналды. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін. Біз бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау - Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында біз  бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет - осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу. Ер жігіт жүрегін елге береді, намысын ешкімге бермейді. Міне бүгін ортамызда  еліміз бен жерімізді адалдықпен аянбай қорғаған қаһармандар тұр. Олардың арасында адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары бар. Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс", – деген ел басшысы Ғизат Нұрдәулетов, Алик Шпекбаев, Ерлан Тұрғымбаев, Әділбек Алдабергенов, Ерлік Кененбаев, Василий Рысбаев, Сәбит Құрманәлиев, Бекет Аймағамбетов, Көбеген Мырзатаевке бірқатар медальдар мен шендерді табыс етті.

Жалпы, Ақордада Президенттің қолынан 26 офицер мемлекеттік награда да алды. Бір ерекшелігі марапатталған азаматтардың арасында Бас прокурордың қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева мен марапат алғандардың ең кішісі 26 жастағы өрт сөндіруші Аянбек Кенжешев бар.

Ерлермен қатар еңбек етіп жүрген нәзік жанды Радимхан Дубаеваға "Құрмет" ордені табысталса, кеше ғана өрттен балаларды аман алып қалған Аянбек Кенжешевке "Ерлігі үшін" медалі берілді.

Айта кетейік, жыл сайын Ақ ордада "Отан қорғаушылар" күніне орай әскери қызметкерлер марапатталып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті "Отан қорғаушылар" күнімен құттықтай отыра, осындай ел қорғайтын азаматтар барда ел шекарасы бүтін, тыныштығы бекем, іргесі бұзылмайтынына сенім білдірді.

Т. Раушанұлы