Алғыс айту күні – қазақ даласындағы ұлттар достығын нығайтатын мереке

Алғыс айту күні – қазақ даласындағы ұлттар достығын нығайтатын мереке
Фото: vk.com

Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан Республикасындағы түрлі ресми бекітілген мерекелер қатары "Алғыс айту" күнімен толыққан болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2016 жылы "Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" жарлыққа қол қойған болатын.

Жалпы, бұл мереке тансық дүние емес. Олай болатын себебі, әлемнің түрлі елдерінде атап өтіледі. Тек олардың өзіндік тарихымен, өзге бекітілген датасы бар. Мысалға алатын болсақ, Америкада бұл мерекесі қараша айының төртінші бейсенбісі күні тұтас отбасы жиналып, бір дастархан басында атап өтеді. Бұл шындығында біздің елде соңғы уақытта бекітілгендіктен, аса үлкен масштабта тойланбайды. Ал Америкада бұл католиктердің Рождество діни мейрамы секілді аса құнды жиынға айналады. Тіпті, бірге шіркеуге барып, осы мерекеге сай салт-дәстүрлерін жаңғыртып, бір-бірімен қауышып жатады. Дәл осы айдың алғашқы бейсенбімі лиьериялықтар үшін алғыс айту күніне сай келеді.

Немістерде аталған мереке күзгі өнім жинаумен тікелей байланысты. Сол себепті де сыраның отанындағы "Erntedankfest" алқапта аталып өтіледі. Бұл, бір жағынан, молшылық үшін Тәңірге алғыс айтумен пара-пар дүние. Алдағы уақытта мол өнім алу үшін жасалатын той. Жергілікті халық толық жиналып, отбасы, бала-шағасымен арқа-жарқа болады.

Алғыс айту күнін біздің заманымыздан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын тойлай бастаған халық – израильдіктер. Қанша қиындық көріп, тағдыр тәлкегін кешкен ұлт осы күнге дейін сақталып қалғаны үшін Жаратушыға алғыс айтады. Ал, кореялықтар бұл мерекені тамыз айында атап өтеді. 

Осындай тарихи шолу бұл мерекенің тансық емес екендігінің дәлеліндей.

Аталған мереке күні барлық туған-туыс, дос-жаран бір дастархан басынан табылып, ата-ана, бауырларына алғыс жаудырумен болады. Елдегі тыныштықты дәріптейтін мерекенің алар орны, әрине, ерекше. Біздің елде де түрлі ұлт өкілдерінің татулығын сақтап тұруға себепкер болары анық. Мерекені тойлауды ресми бекіткен Елбасы да осыны көздесе керек. Оған дәлел төмендегі сөздері.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы мерекені бекітерден 1 жыл бұрын, яғни, 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: "Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мүнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады", - деген болатын.

А. Оралқызы