Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін - Қ.Тоқаев

Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін - Қ.Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беріп, белсене қатысуға, барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.

- Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.  

Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!

Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге  сенемін.

Қадірлі Отандастар!

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз.  

Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты! - деді республикалық телеарналар арқылы жолдаған Қазақстан халқына арналған мәлімдемеcінде.

Айта кетейік, соңғы рет кезектен тыс сайлау 2015 жылы 26 сәуірде өтті. Ол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайызын жинаған еді. Сайланған Мемлекет басшысының өкілеттілігі 2020 жылдың сәуір айына дейін белгіленген. Алайда Елбасы 19 наурызда өз өкілеттігін тоқтатқаны туралы шешім қабылдаған еді. 

20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Қазақстан Президенті міндетіне кірісті.

Ө. Сансызбай