Баспана алу үшін жастардың шекті жасы көтерілуі мүмкін

Баспана алу үшін жастардың шекті жасы көтерілуі мүмкін

ҚР Парламенті Мәжілісінің үкімет сағатында мемлекеттік жастар саясатына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Соның бірі ретінде Мәжіліс депутаты Гүлнар Иксанова жалға берілетін баспананы алу үшін қазақстандық жастардың жасын көтеруді ұсынды. Депутаттың айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері 19 мың пәтердің 34 проценті 28 жасқа дейінгі қатысушыларға табысталған.

"Жастардың немесе жас отбасылардың баспанаға қажеттігі және онымен қамтамасыз ету бойынша толық мәлімет жоқ. Ал бұл ақпарат мәселені шешудегі әдістерді жоспарлау үшін керек. Бұған қоса, баспананың түрлі нұсқасын қарастыратын уақыт келді. Бұл дегеніміз – қолжетімді ипотека, әлеуметтік баспана, тұрғын үй кооперативтері, жеке құрылыс", - деді ол мәжілісте жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері туралы өткен үкімет сағатында.

Сонымен бірге, депутат Қазақстанның миллион халқы бар үш қаласында жастарға тұрғын үй бөлу мәселесін көтерді. Депутат жастардың пәтер алуға деген шекті жасын 35-ке дейін көтеруді ұсынды.

"Жастардың жоғарғы шекті жасы ретінде 29 жасты емес, 35 жасты алу керек шығар. Себебі басқа бағдарламалар бойынша, кейде адамдар келісімшартты рәсімдегеннен кейін үш жылдан соң баспананы сатып алу құқығын жүзеге асыра алмай қалып жатады. Себебі жасы 29-дан асып кеткен", - деді депутат Иксанова.

Осыған дейін қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Астана, Алматы, Шымкент қаласында жастарға айына 12 мың теңгеге жалдамалы пәтерлер ұсынылатынын мәлімдеген еді. Жалға берілетін үйлерге 29 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана