Бүгін – "Невада-Семей" қозғалысына 30 жыл

Бүгін – "Невада-Семей" қозғалысына 30 жыл
Фото: e-history.kz

Бүгін ядролық жарылысқа қарсы 1989 жылы 26 ақпанда құрылған "Невада-Семей" қозғалысы, қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына 30 жыл толды. 

1989 жылы аталған ұйым құрылып, арада 2 күн өткесін "Невада-Семей" қозғалысының алғашқы митингі болып өтті. Қозғалысты ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Халықаралық және халықтың қолдауына ие болған қозғалыстың арқасында 1989 жылы өткізілетін 18 жарылыстың 11-і қысқартылды. Осыдан соң әлемнің бірнеше елдерінде, атап айтар болсақ, Ресей, АҚШ және Францияда атом бомбасының жарылысына мараторий жарияланды. Ал Семей полигоны толықтай Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы 1991 жылдың 28 тамызындағы жарлығына сәйкес арада бір күн өткесін ресми түрде жабылды. 

©m.ru.sputniknews.kz

"Невада-Семей" саяси қозғалысының бөлімшелері тек Қазақстанда ғана емес Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. елдерде құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы “Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру” қарарын қабылдады.

©wallpaperset.com

Атом бомбасының күші алғаш рет Жапонияның Нагасаки, Хиросима аралдарында сынап көрілді. Соның кесірінен 100 мыңдаған адам уланып қайтыс болды. Ал біздің елімізде алғаш рет атом бомбасының тәжірибелері 1949 жылдан басталды. Ядролық бомбаны сынақтан өткізу мақсатында арнайы "Семей полигоны" құрылды. Оған 18 млн гектар жер бөлінді. 40 жылы ішінде 500-ге жуық жерүсті және жерасты атом бомбасының сынақтары өткізіліп, одан 500 мыңдай адам зардап шекті. 1949-89 жылдар аралығында өткізілген атом бомбасының күші Жапониядағы атом бомбасынан 2,5 мың есе күшті болды. 

©kaz.caravan.kz

Ядролық бомбаның әсерінен Семейдегі Дегелең тауы қиыршық тасқа айналды. Жер астынан шыққан улы газ сол аймақтағы жан-жануарлар мен жергілікті тұрғындарға зиянын тигізді. 

1989 жылғы митингтегі баяндамада: "Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз "Невада - Семей" қозғалысын құрдық". Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан "Ядролық қаруға жол жоқ!", "Сынақтар тоқтатылсын!" деп мәлімдеді. 

©Yorick.kz

Семей полигонындағы жарылыс әсерінен Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғыны 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алды. Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетті. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында 2 миллионнан астам адам айықпас дертке ұшырады, көбісі бақилық болды. 

Бүгінгі Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған көшбасшысы. Еліміз ірі ядролық державаның кейінгі ұрпақтың бейбіт болашағы үшін жаппай қырып жою қаруын жинақтаудан бас тартудың айшықты үлгісін көрсеткен мемлекет.

Т. Раушанұлы