1 қаңтардан бастап Қазақстанда жалақы мен зейнетақы өседі

1 қаңтардан бастап Қазақстанда жалақы мен зейнетақы өседі
Фото: Тengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді, олар 2019 жылғы 1 қаңтарда күштеріне енді, - деп хабарлайды премьер-министр сайты.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасымен ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 1,5 есе өседі, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Жаңа жылдан бастап ЕТЖ 42 500 теңге болады. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайыз өседі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, ЕТЖ өсірудің нәтижесінде 6 миллионнан аса жалдамалы жұмыскердің иемденетін табысы салықтан босатылатын кіріс көлемінің ұлғаюы есебінен жылына 15 мың теңгеге дейін өседі.

"ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне халықты жұмыспен қамту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңы аясында қабылданған барлық түзетулер алдымен әрбір қазақстандықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, президент тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) қызметкерлерін ынталандыру үшін 1 қаңтардан бастап ауруларды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізуші учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайыз кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Осы жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрігерлердің қызметтеріне тарифтерді кезең-кезеңмен көбейту арқылы жалпы практика дәрігерлеріне, бейінді мамандарға істелген жұмысына сай ақы төленетін болады.

Осылайша, биылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілетінен және асыраушысынан айырылған жағдайда барлық жәрдемақы алушы үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшері республикалық бюджеттен ұқсас төлемдерді индекстеу деңгейіне сәйкес 5 пайыз арттырылды. Бұл еңбекке қабілетінен айырылғанына байланысты 88,3 мыңға жуық әлеуметтік жәрдемақы алушыға және асыраушысынан айырылған 50,1 мың әлеуметтік жәрдемақы алушыға қатысты.

Осылайша, еңбекке қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 15,9 мың теңгеден 16,6 мың теңгеге дейін, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 20,6 мың теңгеден 21,7 мың теңгеге дейін өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгіннен бастап ынтымақты зейнетақы 7 пайыз, базалық зейнетақы 5 пайыз өсті. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі ынтымақты зейнетақы - 36 108 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы - 16 037 теңге. Осылайша, міндетті зейнетақы аударымдарын енгізгенге дейін зейнеткерлік демалысқа шыққан ерлер мен әйелдер үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы - 52 145 теңге.

Ең төменгі ынтымақты, базалық және жинақтауыш компоненттерді қосқанда, 68 182 теңгеге тең зейнетақы төлемдерінің ең төменгі жиынтық мөлшері шығады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан төлем алуға құқығы бар азаматтар осындай ең төменгі зейнетақы ала бастады.

Massaget.kz