Инвестициялық форум: Ақтөбеде бірнеше зауыт салынады

Инвестициялық форум: Ақтөбеде бірнеше зауыт салынады

Ақтөбеде қоқыс өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын, мұнай-газ өндіруге қажетті қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттар салынады.

Инвестициялық форумда құны 300 миллиард теңге болатын 9 меморандумға қол қойылды. Ақтөбеде инвестициялық форум өтіп, әлемнің 23 елінен 400-ден астам адам қатысты. 

Форум аясында 9 меморандумға қол қойылды. Таяуда Ақтөбе қаласында қоқыс өңдеу зауыты салынады. «Kazakhstan BAB Investment Group Co. LTD» ЖШС-і бұл жұмыстарға 185 миллиард теңге салуға әзір. Ал Белоруссияның «Лидсельмаш» компаниясы ауыл шаруашылығы саласына қажетті техника шығаратын зауыт құрылысын бастайды. Финляндияның «Uros Group» компаниясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына ІТ технологияны енгізеді.

Айта кетейік, Башқұртстанның «Уфанефтегазмаш» компаниясы мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдық шығаруды қолға алмақ. Ал «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-і Авангард мыс-мырыш кен орнын игеруді бастайды. Бенқала мен Оңтүстік Бенқала кен орнындағы катодты мысты «SM Minerals» компаниясы өндіреді.

«Қазіргі кезде Ақтөбеде Түркия, Қытай, Германия, Нидерланды, Ресей мен өзге елдердің инвесторларды жұмыс істеп жатыр. Алғашқы инвестициялық форумнан соң өңір эконоикасы 23 пайызға артты. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда өндірістегі құрал-жабдық жаңғыртылып, 600 миллиард теңге жұмсалады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, форумға Қазақстандағы Италия елшісі Паскуале Де Авино қатысып, екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайтуға уәде етті.

Massaget.kz