Алматыда VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы өтті

Алматыда VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы өтті

Алматыда VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Форум барысында әлемнің жиырмадан астам елінен келген өкілдер «Ritz Carlton» қонақүйінде оңтүстік шаһардың инвестициялық ахуалына қатысты жүріп жатқан әрі болашақта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.

“Almaty Invest” Халықаралық Инвестициялық Форумы жылда өз алаңында мыңға жуық қатысушыларды, оның ішінде әлемдік және отандық бизнес көшбасшыларын, беделді саясаткерлерді, инвестициялық корпорациялардың, қаржы институттарының және халықаралық ұйымдардың басшыларын бір ортаға біріктіреді.

Іскер орта өкілдерінің алдында сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек Алматының бүгінгі дамуы мен инвестициялық ахуалы жайында біршама деректерді көрсетті. Әкімнің айтуынша, осыған дейінгі форумдарда 1 миллиард АҚШ доллары шамасында 40-тан аса меморандумға қол қойылып, қазіргі уақытқа дейін жалпы құны 400 миллион долларды құрайтын 12 жоба жүзеге асқан. Алматының шикізаттық емес сектордағы экономикалық үлесі 35 миллиард долларды құрайды әрі елдің ЖІӨ 5 бөлігі мен салық түсімінің 4,1 бөлігін береді.  Соңғы он жылда инвестиция көлемі 22,2 миллиард доллар болса, биылдың өзінде инвестициялық өсім 25, соның ішінде шетел инвестициясының көлемі 24%-ға артқан.

– Тәуелсіздік жылдары мемлекеттің жұмыр экономикалық саясатының арқасында  мегаполис экономикасы 100 есе, халық табысы 20 есе өскен. Қазірде қала экономикасының 86 %-ы сауда және қызмет көрсету түрлерімен тығыз байланысты. Шағын және орта бизнестің үлесі – 40%. Қазірде Алматыда мұнайға тәуелсіз тұрақты экономика қалыптасты,– деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Алматыда еліміздегі ең ірі салық төлеуші компаниялардың үштен бірі, отыздан аса трансұлттық компания, банктердің 90%-ы, бірлескен кәсіпорындардың 43%-ы және ірі халықаралық кәсіпорындар орналасқан, жақында БҰҰ-ның 14 арнайы агенттіктері үшін жаңа ғимарат ашылды. Алматы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына, әлемдік үздік тәжірибелерге сүйенеді. Соған негізделіп «Systra» кешенді көлік жобасы, америкалық IDC компаниясымен «Smart Almaty» келісімі мен жобасы жасалды. Қаланың Шеберлік жоспары HATCH компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Қала басшысының айтуынша, Алматы дамуының қайнар көзі – бизнес. Қала нарығында қолайлы бизнес орта қалыптастыруда кешенді жұмыстар жолға қойылған.

Қазақстан бизнес жасаудағы жеңілдіктер бойынша әлем бойынша 28 орынды иеленіп отыр. Бұл рейтинг Алматы қаласы бойынша есептелген. Үкімет бизнесті жақсарту реформаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Кешенді шаралардың көбі оңтүстік астанада белсенді жүзеге асып жатыр. Соның есебінен Алматы Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасында да көш бастап тұр. Смарт технологияларды енгізуде Алматының өзіндік ерекшеліктері, басымдықтары мен тәжірибесі бар. Солардың негізінде қағазсыз құжат айналымы жолға қойылып, бірқалыптанды. Мысалы интернет арқылы кәсіпорын тіркеу, есеп-қисап жүргізу, түрлі мазмұнды өтініштер беру сияқты қолданыстағы онлайн-сервистер бар. «Қазпошта» мәліметтеріне сүйенсек, электронды сауданың 55%-ы қалаға тиесілі. Ал БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті енгізу бойынша Алматы 25 орында. Қала әкімі жүргізілетін құрылыстар, тұрғын үй, көлік дәліздері, білім, денсаулық саласына қатысты жетістіктерді мәлімдеп, болашақта Алматының инвестициялық тартымдылығы және  даму стратегиясы бойынша нақты қадамдардың жүйелі әрі қарқынды жүзеге асатындығын айтты.

Форум жұмысына қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қазірде Алматының жаңа кейіпте, жаңа бағытта дамып келе жатқандығын ерекше айтып өтті. Интерактив карта арқылы қаланың заманауи сипатына қысқаша шолу жасаған Абылай Мырзахметов сандық технологиялардың мүмкіндігіне де тоқталды.  

Бас жоспар қаланың көркеюінің жарқын көрінісі дейтін болсақ, бүгінде геопортал арқылы оңтүстік астананың алдағы жопарларын жіті бақылауға мүмкіндіктер мен жағдай жасалған. Егер жаңа бизнес бастауға немесе бизнесті кеңейту мақсаты қойылса, онда осы порталдан  қала туралы барлық ақпаратты алып, қолдануға болады. «Almaty-open» қызмет орталығының өзі бизнес ортаның жұмысын жеңілдетуге мол мүмкіндіктер беретін болады. «Атамекен» ҰКП бизнес ортаның жұмысын жеңілдетуге байланысты қала басшылығымен бірлесіп бизнес алаңдарды, қызмет түрлерін заманауи сипатқа толық көшіру бағытында жұмыстар жасайтын болады.

Форум барысында Түрік және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы Басқарма кеңесінің төрағасы Фырат Девелиоглу, «China National Oil and Gas Exploration and Development Corporation» жоғары вице-президенті Биан Дыжы, «Universal tea» ЖШС бас директоры Тибб Пармендер Синх, Орталық Азия бойынша IFS Әлемдік банктің аймақтық жетекшісі Кассандра Колберт, «Astana Group» перзиденті Нұрлан Смағұлов,  т.б. Қазақстанның, сонымен қатар Алматының инвестициялық жағдайы, әлуеметтік-экономикалық тұрақтылығы мен келешегіне қатысты өз баяндамаларын жасады. Форум негізінде инвесторлар тартудағы жобалар, халықаралық қаржы институттары және мемлекеттік органдардың қолдау процесіне қатысты семинарлар өтіп, инновациялық стартаптар көрмесі ұйымдастырылды.

Massaget.kz