Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

Халықаралық валюта қорының Таяу шығыс және Орта Азия елдері департаменті директорының орынбасары Юха Кяхконен Алматыда дәстүрлі "Өңірлік экономиканың даму перспективалары: Кавказ және Орталық Азия" жиынында Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалына баға беріп, өз сараптамасын айтты.

"Қазақстанда  шикізаттық емес сала едәуір дамып келеді. Бұл өте маңызды. Себебі Қазақстан экономикасы диверсификацияға зәру.. Мұнай қоры таусылған кезде және халықаралық мұнай саудасы әлсірегенде қазақстандықтарға экономиканың басқа салалары дамығаны аса маңызды", – деді Юха Кяхконен.

Оның сараптамасына сай, елдің ЖІӨ 4%-ға артуы елдегі мұнай өндірісі мен мұнай бағасының арқасы екен. ХВҚ болжамы бойынша мұнай өндірісі қарқынының азаюына байланысты келер жылы - 3,7%, одан кейін 3,1%-ға түсуі ықтимал.

"Қазіргі ЖІӨ өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында инфрақұрылым жақсарып, Үкімет бірнеше реформаны жүзеге асырды. ХВҚ фьючерс нарығындағы заңдылықтарға қарап болжам жасайды. Мұндайда олар мұнай бағасының 60 доллардан төмендейтіндігін айтады. Сыртқы шоктар, санкциялар да бұған ықпал етуі мүмкін. Мұнай бағасының өзгеруі Қазақстан экономикасына ықпал етеді. Сондықтан, Қазақстанның қазіргі ахуалға барынша дайын болғаны абзал. Ал мұнай бағасының көтерілуімен қанағаттануға  болмайды. Бұл – уақытша құбылыс. Қазір қолда бар ресурсты экономиканы әртараптандыруға салу керек", - деді ол.

Маман Қазақстанның қаржы саласындағы тың серпін ретінде Астана Халықаралық қаржы орталығының жұмысын атады. Ол жергілікті банк секторын нығайтып, оны халықаралық стандарттарға сай етеді. Сонымен қатар,  халықаралық банктерді Қазақстанда жұмыс жасауға ынталандырады.

Юха Кяхконен Қазақстан экономикасында болашақта экономикалық тәуекелдерді басқаруға басымдық берілгенін құптап отыр.

"Валюта бағамының еркіндігі – Қазақстан үшін сыртқы шоктарға бейімделуге тиімді болады. 2015 жылға дейін бекітілген курс Қазақстан экономикасына соққы бергені рас. Ал қазіргі курс сұраныс пен ұсынысты қалыптастыруға жақсы. Инфляция ставкасы да Ұлттық банкке инфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік беріп отыр, көрсеткіш 5-7% шамасында. Бұл әлемдегі барлық орталық банктер қолданатын тәжірибе. Теңгенің еркін айналымда қалғаны дұрыс. Сол арқылы сыртқы қатерлердің соққысы аса қатты сезілмейді",- деді Юха Кяхконен.

Қандай мемлекетте болмасын ел ахуалын көтеру үшін, жеке сектордың жағдайын жасау керек. Ол үшін банктердің әлеуетті болғаны аса маңызды. Себебі экономикаға несие беретін, жағдайды тұрақтандыратын – солар.

"Қазір банктерде нақты экономика секторына бөлетін қаржы қоры бар. Бірақ, банктердің жұмысының өзіне өзгеріс керек. Олар бизнес моделін өзгертуге дайын ба? Демек, Ұлттық банк нақты экономикаға қаржы бөлуге барынша күш салуы тиіс", - деді Юха Кяхконен.

Сондай-ақ сарапшы ХВҚ Қазақстанмен арасындағы байланыс қарқын алып келетінін баса айтты.

Massaget.kz