Қарашадағы Қазақстанның инфляция деңгейі – 0,9%

Қарашадағы Қазақстанның инфляция деңгейі – 0,9%
Фото: peak.mn

2018 жылдың қараша айында Қазақстанда инфляция өткен аймен салыстырғанда 0,9%, 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 4,6%-ды құраған.

Қарашада азық-түлік тауарларының бағасы 1,1%-ға, тағамдық емес тауарлар құны - 0,8%-ға, тұрғындар үшін ақылы қызметтер 0,7%-ға қымбаттаған. Биылғы 1 желтоқсанындағы есеп бойынша, жыл басынан бері азық-түлік тауарларының құны 3,8%, тағамдық емес тауарлар 5,9%, ақылы қызметтер 4,2%-ға қымбаттады.

ҚР Ұлттық банкі жылына 4 рет болжамды раунд өткізеді, онда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге, орта мерзімді кезеңге инфляцияға болжам жасайды. Алынған болжамдар мен бағалау нәтижелері негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясаты, оның ішінде базалық мөлшерлеменің деңгейі бойынша шешім қабылдайды. Болжамдарға сәйкес, Қазақстанда 2018 жылы инфляция 5-7%-дық дәліз ішінде болады. 2019 жылы инфляция жоғары шегінде болса да, жаңа 4-6%-дық нысаналы дәлізге бірқалыпты кіре бастайды.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, 2018-2019 жылдары экономикалық өсу қарқыны, бағалауға сәйкес тиісінше 3,5%-ды және 2,6%-ды құрайды (өткен болжамдық раундта тиісінше 3,5% және 2,7%). ІЖӨ-нің өсуі бойынша алғышарттар 2018 жылы айтулы өзгеріске түскен жоқ. 2018 жылы экономикалық белсенділіктің оң әсері тұтынушылық несиелеудің өсуімен қамтамасыз етілетін ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуі аясында байқалмақ.

Жылдық инфляция деңгейі 2020 жылдан кейін 4%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондықтан Ұлттық Банк инфляция бойынша алға қойған мақсаттарға жету үшін ақша-несие саясатының барлық құралдарын пайдаланбақ.

Massaget.kz