Үкіметте “Индустриалды-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы таныстырылды

Үкіметте “Индустриалды-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы таныстырылды
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған “Индустриалды-инновациялық даму“ мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдемесі бойынша, индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаты – ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттігін арттыру.

Жоба мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін, индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағыты ұсынылып отыр:

– проактивті сауда саясатын жүргізу;

– өсу нүктелерінде мамандандырылған өндірістік факторларды алдын-ала құру;

– капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу;

– ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау;

– индустрияландыру саясатын үйлестіру;

– қаржыландыру және индустриялық-инновациялық реттеу мен қолдаудың тиімділігін арттыру.

Үшінші индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленеді екен.

"Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық саласында тиімді өндірушілерді қолдау үшін салалық басымдықтардан ауысу жүзеге асырылады.

Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге, қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және «күрделендіруге» күш салынады.

Үшіншіден, бизнестің нақты көрсеткіштерге қол жеткізуі үшін (экспорттың өсуі және т.б.) тікелей қолдау көрсетілетін болады.

Төртіншіден, өнеркәсіптің «цифрлық дәуірге» дайындығы аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар жасалады", – дейді министр Жеңіс Қасымбек.

Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде келесі негізгі көрсеткіштер жоспарланып отыр:

1.Негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есе өсуі;
2. Еңбек өнімділігінің 1,7 есе өсуі;
3. Өңделген тауарлар экспортының 2,3 есе өсуі;
4. Экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру (Гарвард);
5. Экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есе ұлғайту.

Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасына қатысты айтылған тәсілдер экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайтуға бағытталған жұмысты күшейтуге, өндірілетін тауар қоржынын «күрделендіруге» және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа бағдарламаны іске асыру кезінде өңдеу салаларына, xалық тұтынатын тауарларды шығару шараларына жіті назар аударылады. Дәл осы кәсіппен айналысатын кәсіпорындарға қолдау жасалады. Бағдарлама негізінде өнеркәсіптің үш тобына басымдық берілеі.

"Бірінші топ, ол – "мықты тыл". Оған өңдеу кәсіпорындары кіреді. Олардың есебінен xалық тұтынатын тауарларды қоса алғанда отандық өнімнің көлемі мен ассортименті кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады.

Екінші топ - "бәсекеге қабілетті өндірушілер". Бұл топқа экспорттаушылар жатады. Олардың міндеті -–экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту.

Ал үшінші топ – "салмақты орталықтар". Бұл - трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі жобалар. Олардың есебінен өнеркәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерін шығару және қажетті шикізатты жеткізу шаралары шешіледі", - деп мәлімдеді Ж.Қасымбек.

Үкімет мүшелері жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын бірауыздан қолдап, қабылдады. Отырыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы да қаралды. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің мәлімдеуінше, қазір балық, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, рапс, сиыр еті, жонышқа, ұн, өсімдік майы, арпа мен жүгері үшін Қытай нарығы ашық.

"Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 пайызға ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды", - деді Арман Евниев.

Massaget.kz