Ұлт жоспары: Мемлекеттік қызметкерлерді конкурстық негізде мансаптық жоғарылату

Ұлт жоспары: Мемлекеттік қызметкерлерді конкурстық негізде мансаптық жоғарылату
Фото: vk.com

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің рухын асқақтатып, әлем елдерінің көшін бастауы жорлында Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам – Ұлт жоспарын” құрды.

Сол жоспардың оныншы қадамы "Мемлекеттік қызмет туралы" жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған реформа. Осының негізінде қабылданғанына 20 жыл болған мемлекеттік қызмет реформасы Президенттің “100 нақты қадам – Ұлт жоспары” негізінде жаңа сипатқа ие болып отыр.

1995 жылдың желтоқсан айында жарияланған кезде бұл біздің еліміз түгіл барша ТМД мемлекеттері үшін жаңашыл шешім болғаны жасырын емес. Осыдан кейін барша бұрынғы кеңестік елдердің ішінде алғашқы болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыру жүзеге асырыла бастады.

Одан бері бұл жолда көптеген шаралар өткізілді. Ал, бүгінде Ұлт жоспарының заманауи талаптарына орай мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды.

Осы нақты қадамдардың 10-қадамы "Б" корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын нығайтуға негізделген. Яғни, мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшуді көздеп отырмыз. 

"Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс", - деп нақтыланған құжатта. 

Мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен жүргізіледі.

Жоспарда: "3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі (тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау). Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу", - деп атап өтілген.

Жалпы "100 қадам" аясында мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту жоспарланған. 

А. Оралқызы