Банктерге өтімділік нарықтық талаптарға сай беріледі

Банктерге өтімділік нарықтық талаптарға сай беріледі
Фото: shutterstock.com

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, екінші деңгейлі банктерге 600 миллиард теңге беру талаптары мен тетігін айқындайтын жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін нарық талабындағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін, банктерге облигациялық бағдарламамен 2018 жылға жоспарланып, толық игерілмеген 200 миллиард теңгені пайдалану көзделіп отыр.

Аталған облигациялық бағдарламаға БЖЗҚ-ның 35 миллиард теңге зейнетақы активтері нарық талаптарымен инвестицияланады. Оның жылдық үстеме табысы 11,5-12% болмақ. Мұндай өтімділік нарықтық талаптарға сай мерзім, төлеуге қабілеттілік және қайтарым шарттары бойынша жүзеге асады. Зейнетақы активтері инвестицияланған жағдайда БЖЗҚ салымшыларына кіріс қамтамасыз етіледі. 

Берілген қаражат екінші деңгейдегі ірі банктерге Қазақстан Республикасының Үкіметі іріктеп басымдық берген және тиімді жобаларды іске асыруға ғана бағытталады.

Данияр Ақышев: Таяу 5 жылда БЖЗҚ қаражаты ұлғая бастайды 

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің төлемге қабілетсіздігі туралы болжамдар еш негізсіз. 2018 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі – 8,9 триллион теңге. Портфельдің жыл басынан бері 1,1 триллион теңгеге (14,3%) өскен. Зейнетақы жарналары жыл өткен сайын жіберілетін қаражаттан 4 есе асып, оң нәтиже көрсетіп отыр. Төлемдердің жалпы сомасы – жыл басынан бері 130,9 миллиард теңге. Кесте бойынша ай сайынғы төлемдер жыл басынан бері 3,7 миллиард теңге болды. Бұл – биыл зейнетке шығып, кесте бойынша зейнетақы алатын зейнеткерлерге арналған төлемдер. 

ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев БЖЗҚ жүргізген актуарлық есепке сәйкес, таяу 5 жылда зейнетақы қаржысы ұлғаятынын және бұрынғы көрсеткіштен асып кететінін айтты. "2019 - 2023 жылдар аралығында БЖЗҚ-ның болжамы бойынша төлемдердің жиынтық көлемі 1,3 триллион теңге болғанда зейнетақы жарналарының жиынтығы 5 триллион теңгені болады. Сонымен бірге қор портфелінің инвестициялық құрамдас бөлігі туралы да есте сақтаған маңызды. 2018 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша, зейнетақы активтерінің кірісі соңғы 12 айда БЖЗҚ салымшылары үшін 9% болды. Ал инфляция болса 6,1% болды. Нәтижесінде осы кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кіріс 2,9%-ды құрады", – деді Д.Ақышев. 

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін екінші деңгейдегі банктердің облигацияларына инвестициялау облигациялық бағдарлама шеңберінде ғана жүзеге асырылады 

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері нарықтық талаптарға сәйкес, сондай-ақ БЖЗҚ-ның Инвестициялық декларациясы белгілеген талаптарға және шектеулерге сәйкес мерзім, төлеуге қабілеттілік қағидаларымен түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. БЖЗҚ-ның зейнетақы портфеліндегі ҚР Қаржы министрлігі шығарған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесі 39,7%-ды құрайды. "Бұл бағалы қағаздар – ішкі нарықтағы ең сенімді қағаздардың бірі", – деп нақтылады Д. Ақышев. 

Ұлттық Банк басшысы 2018 жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің қаржы құралдарының БЖЗҚ зейнетақы активтері портфеліндегі үлесінің 17,9% болғанын айтты. "Ол бойынша орташа жылдық кіріс – 9,8%. Бұл ретте 2016 жылдың басынан бастап БЖЗҚ портфеліндегі банк секторының үлесі жаңа инвестициялардың қысқаруы, сондай-ақ банктердің өз міндеттемелерін жоспарлы өтеуі есебінен 33,9%-дан төмендеді", - деді ол. 

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін екінші деңгейдегі банктердің облигацияларына инвестициялау банктер үшін 2018 жылға арналған сомасы 200 миллиард теңге болатын облигациялық бағдарлама шеңберінде ғана жүзеге асырылады, ол экономиканы қолдау үшін 2018 жылдың тамызының ортасында іске қосылды. Осы облигациялық бағдарламаға меншікті капиталының деңгейі жоғары (60 миллиард теңгеден асатын) ірі банктер ғана қатыса алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін екінші деңгейдегі банкке инвестициясы 20 миллиард теңгеден аспайды. Инвестициялар Қазақстан қор биржасының сауда алаңында (KASE) басқа инвесторлардың бірдей шартымен жүзеге асырылады. 

"Бүгінгі таңда банктер үшін 2018 жылға арналған облигациялық бағдарлама шеңберінде нарық талаптарымен БЖЗҚ зейнетақы активтері 11,5-12% жылдық кіріспен жалпы сомасы 35 миллиард теңге банктердің облигацияларына инвестицияланған", - деп қорытындылады Ұлттық банк басшысы.

Ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірісіне қол жеткізу – инвестициялық саясаттың мақсаты

Портфельді қаржы құралдарының түрлері, елдер, экономика секторлары мен эмитенттер бойынша әртараптандыру, сол сияқты кейіннен мониторингін жүргізумен инвестициялау лимиттерін белгілеу және эмитенттер үшін ең төменгі талаптардың болуы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз еуге мүмкіндік беретін негізгі тетік саналады. Аталған шаралар жеке құралдардың БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері портфелінің сақталуы мен кірісіне әсерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 

Зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясының бірқатар ерекше сипаттамалары бар, оның бірі – инвестициялардың ұзақ мерзімді болуы. Инвестициялық саясаттың мақсаты – ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірісіне қол жеткізу. 

Данияр Ақышев: Қазақстанның банк секторының қазіргі жағдайы тұрақты 

"Қазақстанның банк секторы Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген талаптарды орындап жатыр, қазіргі жағдайы тұрақты. Қазір 10 ірі банкте артық өтімділік бар, ол осы банк активтерінің 35%-ын құрайды. Ірі клиенттер қаражатының шығарылуына байланысты өтімділік қиындығы тек Цеснабанкте болды. Алайда қазір Цеснабанктегі жағдай тұрақталды. Банк тұрақты режимде жұмыс істей бастады, клиенттердің төлеу және аудару операцияларын уақтылы орындап жатыр", – деп түсіндірді Д.Ақышев. 
Орташа банктер де тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Банктердің бұл санатынан проблемалық банктер - Qazaq Banki, Эксимбанк және Астана Банкі пруденциялық нормативтер мен өзге де реттеуші талаптарды жүйелі түрде бұзғаны үшін банктік лицензияларынан айырылды. Қалған банктер тұрақты режимде жұмыс істеп, Ұлттық Банктің барлық нормативтері мен талаптарын орындап жатыр. 

"Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының алдын ала қорытындылары да жақсы нәтиже көрсетіп отыр, бағдарлама іске асырыла басталғаннан бері қатысушы банктер "Еуразиялық Банк" АҚ, "АТФ Банкі" АҚ, "Цеснабанк" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Bank RBK" банкі" АҚ шамамен 775,5 миллиард теңге сомада проблемалық қарыздарды есептен шығарды. Бұл банктердің кредит нарығына қатысуын жандандыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018 жылдың басынан бастап қатысушы банктер шамамен 500 миллиард теңге жаңа қарыз берді", – деді Д. Ақышев.

Massaget.kz