100 қадам: Жаңа әдеп Кодексі

100 қадам: Жаңа әдеп Кодексі

Елбасы ұсынған "100 нақты қадамның" екінші реформасы заң үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. 19-қадамда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту және судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау көзделді. Сонымен қатар, судьялардың әрекеттері бойынша азаматтар Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы Сот Алқасына шағымдана алатын болуы керек делінді.

Жаңа әдеп Кодексінің жобасы БАҚ пен судьялық корпустарды, халықаралық құқықтық ұйымдарда кеңінен талқыланды. Басында жұртшылыққа 44-баптан тұратын Кодекс жобасы ұсынылды. Соңында 15-баптан тұратын кодекс бекітілді. Ол 2016 жылы 21 қарашада Қазақстан Ренспубликасы судьяларының VII съезінде қабылданды. Судьялардың жаңа әдеп Кодексімен Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының ресми сайтында таныса аласыздар.

Әдеп Кодексі тек елімізде емес, сонымен қатар, Венециядағы Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясы секілді халықаралық ұйымдар тарапынан да оң бағасын алды. Әдеп кодексінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" заңы, БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарымен мақұлданған сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидалары және судьялардың жүріс-тұрысының Бангалорлық қағидаттары мен қағидалары ескерілген.

"Адамдар өз мәселелерін шешу үшін айлап, жылдап билік дәліздерінде жүгіруге тиіс емес. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиіс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенімді болуы керек. Барлық өркениетті әлемде осылай. Демек, кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақсаты судьялардың адалдығы мен кәсібилігі, әділдік және әділ сотқа қолжетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі", - деді мемлекет басшысы.

Жаңа әдеп Кодексі қызметтегі және отставкадағы судьялар үшін күші бірдей. Судья өз қызметін, билігін отбасы мүшелерінің шаруасына немсее басқа да жеке мәселеге қолдануына болмайды. Судья болу – үлкен жауапкершілік. Ол істің әділ өтуіне жауапты болғанымен қатар, өзін сабырлы ұстап, қызметтен тыс уақытта да судья беделіне нұқсан келтіретін көпшілік орындардан аулақ болуы тиіс. Яғни, судья өзіне бірқатар шектеулер қоюы керек.

Сонымен қатар, 19-қадамда судьялардың әрекеттері бойынша азаматтар Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы Сот Алқасына шағымдана алатын болуы керек делінді. Жоғары сот жанындағы сот Алқасы екі комиссиядан тұрады: біліктілік және тәртіп комиссиясы. Біліктілік комиссиясы 7 судьядан тұрады, олардың құрамына облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және отставкадағы үш судья кіретін болады. Ал тәртіп комиссиясы 9 судьядан тұратын болады. Олардың құрамына аудандық және оған теңестірілген соттардың үш судьясы, облыстық және оған теңестірілген соттардың 3 судьясы және Жоғарғы Соттың 3 судьясы кіретін болады.

Биліктің үшінші тармағы – сот жүйесі. Бұл жасалып жатырған шаралардың және қабылданған жаңа кодекстің негізгі мақсаты – азаматтары заңын сыйлап, сот қызметкерлеріне сенім арта алатын қоғамды қалыптастыру.

А. Жапатова