Қазақстанның мұнай нарығындағы ішкі үлесі 35%-ға жетуі мүмкін

Қазақстанның мұнай нарығындағы ішкі үлесі 35%-ға жетуі мүмкін
Фото: news.cableabc.com

2018 жылдың қыркүйек айының есебіне сәйкес, Қазақстан мұнайы 2,5%-ға қымбаттап, тоннасы 61,3 мың теңге болды. Соған байланысты Қазақстандық тауарларды жергілікті мұнай-газ компанияларына жеткізу үлесі алдағы 5-7 жылда 30-35%-ға жетуі мүмкін.

Жыл басынан бері мұнай бағасы 25,1%-ға өсті. Мысалы, тамыз айының өзінде мұнай тоннасы 59,8 мың теңгеге бағаланды.

ҚР Энергетика министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, қыркүйек айында ең қымбат мұнай Қызылорда облысында болған. Осы өңірден алынған шикізат тоннасының құны 86,3 мың теңге болды (жыл басынан бергі өсім – 25,6%). Ал Ақтөбе мұнайы 37%–ға (тоннасына 70,7 мың теңгеге дейін), Маңғыстау – 42,7%-ға (тоннасына 61,4 мың теңгеге дейін), Атырау – 17,5%-ға (тоннасына 56,5 мың теңгеге дейін) қымбаттады. Қыркүйекте бензиннің тоннасы 144,3 мың теңгеге жуық болды, бұл жыл басынан бергі бағадан 0,5%-ға қымбат.

Дизель отыны тоғыз айда 21,8%–ға, 161,5 мың теңгеге дейін, ал отындық мазут 12,8%-ға, 51,6 мың теңгеге дейін қымбаттады.

Аталған шикізат бағаларының өсімі мұнай сервистеріндегі қазақстандық үлестің артуына себеп болмақ.

Мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрасы Рашид Жақсылықов мәлімдеуінше, қазір бұл үлес 11%-ды құрайды, егер Энергетика министрлігі тарапынан тиісті шаралар қолданылса, бұл үлес арта бермек.

"Қазақстанның мұнай-сервистік секторының жыл сайынғы айналымы 2,5 трлн теңгеден асады және қызметкерлердің жалпы саны – 170 мыңнан астам адам. Бүгінде мұнай-газ саласы елімізде өте белсенді. Қызметтердің түрі негізінен құрылыс-монтаж жұмыстары, ондағы біздің басымдық айқын. Жобалау бойынша біз бүгінгі күні 50% деңгейіне шықтық, логистика бойынша  20%-дық деңгейдеміз", — деді Жақсылықов ОКҚ брифингінде.

Massaget.kz