Кездейсоқ Астана

Кездейсоқ Астана
Фото: google.com

Уатсаптан келді. Апам мұны көрсе, «бұл нышан» деп маңдайын сәждеге апарар ма еді. Бізге не, осында бөлісу қызық. Қазақияның соңғы төрт астанасының құс ұшпайтын биіктен қарағандағы көрінісі осылай болады екен. Өзі Орынбор орманды, Қызылорда құмды, Алматы таулы,ал Астана далалық аймақтан еді. Енді әрқайсысының арасын түзу сызықпен қосыңызшы, тура қиықша (ромб)көз алдыңызда пайда болады. Ол ол ма,Алаштың түпқазығы, хандар ордасы делінетін Ұлытау осы пішіннің қақ ортасында қалып тұр.

Бұл кездейсоқтық па? Жоқ!

Бұл ғажап ит басына іркіт төгілетін, қой үстіне бозторғай ұялайтын маңғаз өмірді меңзеп тұр ма, білмедім, иісі игілік шығар. Ықтималдық теориясымен тексеретін болсақ та, Орынбор, Қызылорда, Алматыны бәлшебиктердің әу деуімен, Мәскеудің мәу деуімен қойған еді. Астана ғана өз билігіміз өзімізге тигенде таңдап қойғанымыз екен. Қызық, ә?

Бір әріптен бір теңге пайда көрмесе, оқымайтын ұрпақпыз ғой, бұл сұлбадан не пайда деп сұрасаңызшы? Ресейді қараңыз, орыстың ең бір мәйегі шылқып шыққан сегіз қаласын «Алтын сақина» дейді. Сергиев Посад, Переславль, Ярославль дегендей.. картадан қараңызшы, сақина кәдімгі. Қазір танымал туристік бағыт бұл. Үндіні қараңыз, Дели –Джайпұр – Агра секілді әйгілі үш қаланы «Үндінің алтын үшбұрышы» дейді. Картадан қарасаңыз, түсінесіз. Ең танымал туристік бағыт осы. Анда үшбұрыш, мұнда сақина, бізде ромб болсын ал! Ендеше, төрт астанаға апаратын «Қазақстанның алтын ромбы» деген бағыт дап-дайын тұр. Kazakh Tourism компаниясы, шотыма бір миллион теңге жібере салсаңыз, өтініш)

Сериоз сөз саптасам, Астана, бұл алдымен кеш те болсын, орындалған арман. Алдыңғы буынның арзу тілегі, ақ адал дұғасы-ау. Қараңыз, «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ... қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау" деген сөзі бар ма, Әлиханның, бар. Сәкен Сейфуллин де осылай ойлаған ба, ойлаған. Бұл шамасы, Орынбордан кейін астана қайда орнаса деген дау кезіндегі әңгімелер. Одан әріде ақырғы ханымыз Кененің Ақмола бекінісін басқыншыдан азат қылғанын білетініңізге шүбәм жоқ. Сонда маңдай терін сүртіп тұрып, ер Кене де бір дұғасына қосқан шығар бұл қонысты. Сол Қараөткел, сол Ақмола - бүгінгі Астана. Университеті салынып, ұл-қызы оқып, Астана атанып, шартарап танып.. жоғарыдағы азаматтардың одан да жоғарыдан тілегені артығымен орындалды.

Бұл кездейсоқтық па? Жоқ!

Бұған не себеп дегенде бір тәмсіл келеді ойыма. Мұса пайғамбар мен Қызыр елшінің жолығатын хикаясы есіңізде шығар? Ұзақ сапардың қысқасында айдалада қирағалы тұрған үйді екеулеп жөндейді емес пе? Мұның мәнісі қалай дегенде, Қызыр былай депті:  «Құлағалы тұрған үй - осы қаладағы қос жетiмнің баспанасы едi. Үйдiң астында оларға тиесiлi қазына жатыр. Үй құласа, қазынасы көрiнiп қалып, басқалар алып кетуi мүмкiн. Ал балалардың ата-анасы жақсы адамдар едi. Балалар өскенде Құдай қазыналарын өздерi тауып алуын бұйырды». Қараңызшы, ата-аналары жақсы болғаны үшін жетімдердің үй ремонтынаяулыларғажасатып қойды. Біздің Елбасының тап басып Астанаға көшейік дегені де, оның 32 параметрге сай келе қалуы да ата-баба мұратына адалдықтың жібін үзбегендіктен болса керек. «Адалдықтың жібін үзбеу» деген былай әдемі сөз үшін ғой, әйтпесе, ойымды көрнектер басқа теңеу таппай тұрмын. Қаншама арыстың қолы талғанша тілегені, жасы суалғанша жылағанынан туған ниеттің амалы біздің заманда асыпты. 

Сондықтан және біріншіден, Астана – ата-бабаларымыздың көз алдымызда (!) орындалған арманы.

Бұл кездейсоқтық па? Жоқ!

 
Авторы: Өркен Кенжебек

А. Қажиев