Астана күні құтты болсын!

Астана күні құтты болсын!
Фото: google.kz

Астана сан-түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып,сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Бас қаламыздың бүгінгі көркі жанымызды шымырлатып, сұлулықтың жылы лебімен тербейді. Бүгінгі өмірдің талабына үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап алады, көңілімізді шарықтататады. Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыз өсе берсін! Асқақтай бер Ару қала – Астана! Бүгінгі елорданың 20 жылдығы құтты болсын!

Биыл туды көтеру салтанаты дәстүрлі түрде 4 шілде күні "Атамекен" этномемориалды кешені алаңында өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша қазақстандықтарды елорданың 20 жылдығымен құттықтап, бүгінгі таңда Астананы дүниежүзінде танымайтын ел жоқ екендігін атап өтті, - деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

- Желбіреген көк туымыздың астында бүгін біздің елордамыздың жиырма жылдық мерейтойына арналған барлық шараларды бастағалы отырмыз. Елордамыздың 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен баршаларыңызды құттықтаймын. 20 жыл деген тарих үшін қас қағым мезгіл. Барша әлемде екі ғасырдың тоғысында ен далада қала салған жалғыз ел - ол Қазақстан.

20 жылдың ішінде Астанамыз Қазақстанды әлемге паш етті, елордамызда түрлі дүниежүзілік ұйымдардың жиналыстары өткізіліп келеді.

Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана - үш ұғымы бірдей. Біздің жалғыз Отанымыз бар - ол Қазақстан. Біздің орындалған арманымыз - ол Тәуелсіздік. Біздің ешбір елдің туына ұқсамайтын көк байрағымыз бар. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, барлық шетелдегі елшіліктерде, үлкен шараларда желбіреп тұр. Біз жылда дәстүр бойынша Астанада Мемлекеттік туды көтеріп келеміз, - деді Президент.

Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында "он ойланып, тоғыз толғанып" барып қабылданған тарихи шешім болды. Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңіреміз. Бас қаламыз жасай берсін, жаңара берсін.

Ө. Сансызбай