Қазақ телеарнасының тарихы

Қазақ телеарнасының тарихы
Фото: mediasat.info

Телеарна, телехабар сөздерінің қазақ кеңістігінде қалыптасып жатқаны кеше немесе бүгін ғана емес. Совет үкіметінің тұсында қалыптасып, өзінің арнасын салып үлгерген.

Қазақстанда «көгілдір экранның» сәуле шашқанына да жарты ғасырдан асты. Осы жылдарда ол техникалық жаңғыру, шығармашылық күштердің өсіп, толысуы жағынан да сан белесті бастан кешті. Ең алғашқы салмағы жүз келідей тұратын ауыр камералардан, тұтас залдарға әрең сиятын телеаппараттардан бүгінгі шағын, қолайлы, сапалы, сан қилы мүмкіндігі бар сандық телевизияға дейін өзгеру, өсу дәуірін кешкен Қазақ телевизиясы шығармашылық жолдың да талай белесінен өтіп, бірнеше ұрпақ үлес қосқан іргелі де ірі, жан-жақты толысқан, халқымыздың ақпараттық рухани қажетін өтеп отырған қуатты күшке айналды. Ағайынды Льюмерлердің техникалық жаңалығы кино өнерінің тууына жол ашса, телевизия техникасы да қазір бүкіл әлемді аузына қаратқан жаңа өнердің туып, дамуына әсер етті.

Телевизия - туған күнінен бастап адамзатты таңырқатып келе жатқан құбылыс. Ол техникалық жағынан қиял жетпес мүмкіндіктерді ашып, көз ілеспес жылдамдықпен, адуынды қарқынмен жаңғырып, дамып келе жатса, жана өнер ретінде бүгінгі күнге дейін адам баласы жаратқан өнер атаулының барша қасиетін бойына сіңіріп, жаңа тұрпатты өнер тудырып отыр. Ол бір сәтке ортақ мақсат үшін көптеген елдерді жұмылдыра білетін қуатты күшке ие. Ол - ұқсата білсе, ұлттың ұлы мұратына жетуіне орасан көмек беретін құдіретті құрал. Әлеуметтанушылардың зерттеуі бойынша, казіргі адам теледидарсыз өмір сүре алмайтын халге жетті. Олай болса, бұл феноменді тану, зерттеу, мемлекеттік идеологияда ұтымды пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Алғашқы кезеңде қазақ телевизиясы - негізінен ақпарат таратушы, бұрыннан бар кино, театр туындыларын әр үйге жеткізетін техникалық мүмкіндікті ғана пайдаланса, көп ұзамай телевизияның ерекшелігіне сай өз туындылары көріне бастады. Жіңішке және жалпақ кинотаспаларға жедел түсірілген тележаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы оқиғаның ортасынан жүргізілген телерепортаждар, студияның ішінде қойылған әртүрлі жанрдағы телетуындылар алғашқы талпыныстар болатын. Ол келе-келе шығармашылық ізденістерге ұласты. Алғашқы телеспектакльдер, телефильмдер пайда болды. Балаларға, жастарға арналған хабарлар, оқулық бағдарламалар дүниеге келді.

Қоғамдық өмірдің, ауылшаруашылығының, өндірістің, ғылымның, өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын шығармалар әртүрлі жанрда бой көрсетті. Бұлардың сәттісі де, сәтсізі де жетіп, артылатын. Телевизия өмірдің өзі тәрізді тоқтаусыз құбылыс болғандықтан, тынымсыз ізденіс толас тапқан емес.

Алғашқы он жылдықта телевизияның табиғатын терең түсінген жаңа шығармашылық топтар, жеке дарындар өсіп жетілді. Бұрын газеттен, радиодан, театрдан келген мамандардың көпшілігі жаңа өмірдің талабына тез бейімделіп, оның дамуына өз үлестерін қосты. Ал телевизияның өз қазаныңда пісіп жетілген жас журналистер, режиссерлер, тележүргізушілер, телеоператорлар Қазақ телевизиясының іргесін бекіте түсті.

Әр жылдарда Қазақ телевизиясы сан түрлі құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Оның бәрі де шығармашылық топтардың жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай жасаудан туындаған еді. Солардың ішінде алпысыншы-жетпісінші жылдардағы шығармашылық бірлестіктер («Шұғыла», «Құрдастар», «Ровесники» т.б.), бас редакциялардың құрылуы өз жемісін берді. Осы кезеңде басшылықта болған белгілі қайраткерлер К.Шалабаев, К.Үсебаев, Х.Хасенов, К.Смайыловтар Қазақстандағы телевизияның жан-жақты дамуына зор үлес қосты. Көгілдір экранда көп сериялы телеспектакльдер («Қымызхана»), деректі телефильмдер (50 серия), авторлық бағдарлама («Сұхбат»), ұлттық бояуы қанық жастарға, балаларға арналған хабарлар («Алтыбақан», «Айгөлек»), ауылшаруашылығын («Ақ бидай»), өндіріс тақырыбын қозғайтын («Операция «Ритм») т.б. туындылар жарық көрді.

Қазақ телевизиясы әзірлеген шығармалар Бүкілодақтық көрермендерге де жетіп жатты. Бүл, әсіресе, жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдары кең өріс алды.

Ал «Алатау» арнасын Қытайдағы қандастарымыз қызыға көрсе, «Қазақтелефильмнің» деректі туындылары көп елдерді шарлап кетті. Сол жылдары Қазақ телевизиясының фестивальдары барлық Одақтас республикалар мен Ресей қалаларында өтті. Бұл шығармашылық топтардың тәжірибе алмасуына, есейіп, толысуына жол ашты.Қазақ телевизиясында әр кезеңде әлденеше жүздеген адамдар еңбек етті. Олардың әрқайсысының мамандығына сай өзіндік орны бар. Бірақ телеөнердің бет бейнесін айқындаған, оның шығармашылық жағынан дамуына үлес қосқан алғашқылардың орны бөлек. Олар С.Шәріпов, Ш.Агишева, С.Масғұтов, Е.Сацук, Ә.Дүйімбаев, Ф.Бегенбаева, Т.Қаймолдинов т.б. Одан кейін қатарға жаңа толқын жастар келіп қосылды. Олардың еңбектерінде тын ізденіс, соны серпін байқалды.

Қазақ ұлтының тілі – тарихы мен бүгіні және болашағы бар ұлттық құнды қазына. Ұлтсыз тіл жоқ, тілсіз сол тілде сөйлейтін, тілді дамытатын, динамикалық прогресске өсіретін халық жоқ. Осы себепті қазақ халқының тағдыры да қазақ тілімен тікелей байланысты. Осы кезекте төртінші билік көзі болып табылатын, бүгінгі таңда ең үлкен сұранысқа ие бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Кез келген ұлттың тілі, жағдайы, әлеуметтегі өзгерісі сол ұлттың бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде телехабарлардан, газет-журналдар тілінен көрініс табады. Ал телехабарлар тілі – көпшілік көрермен қауымға бағытталған, ой-санасына негізделген ауызша әдеби сөйлеу тілі. Қоғамның жан-жақты дамуымен бірге тілдің сөздік қоры мен жиынтығы, сонымен бірге структурасы да дами түсуде. Академик Мұхтар Әуезовтің айтқанына назар салсақ: «Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа терминдер туып жатады, бұл – табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілін біліп туғандары қанаттанып, азаматтық сөздер қатарына қосылады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен де кедей де кем де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты».

Ауызша сөйлеу тіліне негізделген бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік дамуға тигізер әсері мен септігі зор екендігі туралы пайымдалып тұр. Себебі, тіл – тарихи құбылыс, ол әрбір кезеңдерде өзіндік сипатта қолданыс табады. Бұқаралық ақпаратта тіл мезгіл сайын өзгеріске, жаңашылдыққа ұшырайды. Телехабарлар тілін, оның стильдік ерекшеліктерін зерттеу бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналуда.

Қазақ тілі білімінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде баспасөз, радио тілі, телехабарлар тіліне біршама зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Телехабарлар тіліне, стильдік ерекшеліктеріне қатысты ойлар айтылғанымен, бірізді зерттеулердің арасында академик М.Серғалиевтің 1994 жылы «Халық кеңесі», «»Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сияқты басылымдарда жарияланған «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар», «Ой мен сөздің жарасымы немесе телехабарлар тіліндегі кейбір кемшіліктер туралы», «Радио және телехабарлар тілі туралы» сияқты мақалаларынан бастау алады. Кейіннен 1999 жылы «Мемлекеттік тіл: терминология іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» жинағында жарық көрген «Хабар бағдарламасының стилі мен тілі туралы» атты мақаласы және 2004 жылы ғалым М.Балақаевпен бірігіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» атты оқулығы толықтырылып жарық көрді. Бұл ғылыми еңбектерде қазақ тілінің телехабарларды яки бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалпы тіл мәдениетіне, эстетикасына, этикалық қағидаттарына, сөз бедерлеудің құралдарына, сөздердің қолданылу заңдылықтары төңірегінде пікірлерін білдірген.

Хабар жеткізуші, тілдік қатынасқа түсуші телехабар жүргізушілерінің сөйлеу мәнері, сөйлеу дағдысы, сөз қолдану лексикасы ең маңызды қызмет атқарады. Журналист белгілі бір контекстегі мәтінді оқу барысында сөздің мәнін, мағынасын ашу үшін үтір, нүкте, қос нүкте, нүктелі үтір, сұрақ белгісі, леп белгісі арқылы сөздің эмоционалды-экспрессивті болуын назар аударады. Осы жазуда қолданылатын белгілерді ауызша жандандырады. Осыдан ақпарат жеткізуші журналисттің сөйлеудегі логикалық екпіні, темп (қарқыны), негізгі тоны, пауза (кідіріс), мелодика (әуезділігі), ритм (ырғақ) сияқты біршама интонациялық компоненттерінің септігімен орындалып отыратыны мәлім. Ақпарат жеткізуші журналист ақпарат қабылдаушыны өзінің дауыс ырғағымен, саздылығымен, әуезділігімен, табиғи мәнерімен баули білуі қажет. Бұл көпшілік көрермен қауымға әсер етуші фактордың негізгі аспектісі. Ғалым М.Балақаев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар ойлылық, сөзді дәл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық».

Академик М. Серғалиев тележурналисттердің ауызша сөйлеудегі дауыс мәнеріне ерекше назар аударған. Журналистер ақпарат беруде тыңдарман қауымның интенциясын яки тыңдауға, қабылдауға деген құштарлығын арттыруы тиіс. Себебі, адам танымында акустика мен артикуляциялық қабылдау феномендері тікелей тілге сайып келеді. Ғалым: «Орфография мен орфоэпияның заңдылықтарын сақтау сауатты жазу және дұрыс сөйлеу мәдениеттілігінің көрінісі болып табылады»,-дейді. Көпшілік алдында ақпарат беруде нақты қалыптасқан жүйенің, нормативті норманың болуы негізгі принцип ретінде қарау. Тұрмыс-тіршіліктегі, ауызекі сөйлеудегі, қарым-қатынастағы жалпы айтқанда коммуникациядағы сөйлеу не дыбысталу ерекшеліктерін қалыпты межеден ауытқып кетпеуі, сауатты әрі әдеби сөйлей білуі шарт деп санады. Ғалым дұрыс сөйлеуге бағыт-бағдар беретін бүгінгі қоғамда қажеттілік туғызатын құралдың бірі орфоэпиялық сөздік құрастыру мәселесі жөнінде сөз етті. Осы ретте Серғалиев: «Радио мен теледикторларға, коментаторларға, жалпы эфир арқылы ақпарат берушілерге арналған орфоэпиялық сөздік жасаудың кезі келді. Ондай сөздікті бір немесе екі автордың құрастыруы, тіптен жеткіліксіз, өйткені мұндай сөздік қазақ сөздерін түгел қамтымаса да, басым көпшілігін жинауға тиіс; оның үстіне жаңадан пайда болып жатқан сөздердің енгізілуі жөн; мыңдаған жер-су атаулары, ел, мемлекет аттары сөздіктен сырт қалмағаны жөн». Ғалым қазақ тілінің әдеби тіл нормасының дұрыс қолданылуын, жарасымын, тазалығын, көркемділігін, мәнерлілігін, мәдениетін басты көрсеткіш ретінде бағалаған.

Ендігі кезекте біздер бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі маңызды сөз бедерлеудің құралы мол ұшырасатын баспасөз тілінің мәдениетіне кезек береміз. Ұлттық баспасөз тілінің даму мерзімі бірден туып, сараланып, екшеленіп белгілі бір қалыпта қалыптасып кеткені аян. Баспасөз тілінің дамуы, қоғамда орын алуы халықтағы мемлекеттік тілдегі газет-журналдардың шыға бастауымен тікелей байланыс тапты. Уақыт өте келе халық та, ондағы әдеби тілде нормативтік құндылықтарға ие бола бастады.

     Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Оразалы Ш., Нұртазин М. «Тілге де тірек керек». Астана. 2003ж.
  2. Балақаев М., Серғалиев М. «Қазақ тілінің мәдениеті». Оқулық. Алматы, 2004ж.
  3.  Серғалиев М. «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар». Халық кеңесі, 1994ж, 5 наурыз.
  4. Тұрсын Қ., Нұсқабайұлы Ж. «Теледидар сөздігі – тележурналистика анықтамасы». Оқу құралы. – Алматы. Білім: 2003.
  5. Омашев Н. «Журналистиканың жаңа стилі». Ақиқат – 1997.№9
М. Ақан