Латын әліпбиін қолдауға шақырамыз!

Латын әліпбиін қолдауға шақырамыз!
Фото: egemen.kz

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген латын әліпбиіне өту туралы міндеті елдің келешегі мен болашағы үшін маңызды. 

Елбасы тапсырмасы ортаға тасталған күннен бастап тіл мамандары жұмыстарын бастап, ақыры мәжіліс алдында өздерінің жаңаша үлгідегі латын әліпбиінің таңбалануын көрсетті. Өкінішке орай әлеуметтік желілер мен қоғамда түрлі дау туды. Себебі екі әріпті қосып, бір дыбыс беру қаиғадсын халық қабылдай алмады. Қайта қарауға және сараптауға кеткен әліпбидің болашағы болары анық. Бірақ әліпбидің жайы бір бөлек әңгіме. Біздің тіл мамандары мен лингвистер бұл мәселені әлі де болсын бір жағына шығарады. Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан елдерінің қателіктерін ескере отырып, біз жаңа әлемге жаңаша көзқараспен баратын боламыз. Тек... 

Ел ішінде латын әліпбиінің әліппесі емес, оның өзіне өтуге қарсы және қолдамайтын топтар бар. Бұл топқа қарттар да, жастар да кіріп отыр. Олардың қолдамауға баруына бірнеше себеп бар: 

– Латын әліпбиін «латын тіліп» деп түсінеді. Яғни басқа бір тілге өтіп кетеміз деген түсінік бар; 
– Қазақ тілін үйрене алмай жүрген кезде, латынға көшудің не керегі бар деп түйген; 
– Мына әліпбиі бар, жалпы өзі латын әліпбиінің керегі не, кирилицамен де жазып жүрміз. Қайта бір реформа керек емес деп түсінеді; 
– Мектептегілер, жастар үйреніп кетер. Біз ше, үлкендер жағын неге ойламайды. Қалған өмірді енді латын әліпбиін оқумен өткіземіз бе? 
– Мұның бәрі бекершілік. Латын әліпбиіне өтпей-ақ басқа елдер дамып жатыр ғой; 

Міне осындай бірқатар қарсы пікірлер бар. Дегенмен пікірлерге қарап отырсаңыз бәрі негізсіз. Себебі латын әліпбиі бізге аяқ астынан дамып кету үшін емес, рухани еркіндік пен сандық дамып жатқан жаһан көшіне ілесуге керек. 

Сондықтан латын әліпбиін бір ауыздан ел болып қолдауға шақырамыз. Ол үшін құрметті жастар, блогерлер, журналистер, қоғам белсенділері мен тұлғаларға төмендегі ұсынысты ұсынуды жөн көріп отырмыз: 
– Осы бағытта айналысып жатқан институттар мен орталықтарға өз ұсыныстарыңызды хат түрінде жазып жіберулеріңізді сұраймыз; (әлеуметтік желіде жазып, ұсыныс білдіру БАҚ-тың мәдениетіне жатпайды). 
– Жалпы латын әліпбиіне өтудің маңыздылығы турасында мән мен мағынасы, өзекті орны бар мақала, ақпарат, пост жазу және #латынәліпбиінқолдаймыз хэштегімен ортақ бір орта қалыптастыру. Әрбір латын әліпбиіне байланысты жазған ойларыңызды осы хэштегпен көрсетулеріңізді сұраймыз. Себебі қазір ақпарат көздерінің заманы; 
– Қазіргі әліпбиді қолдау немесе оған қарсы келуді емес, өзіңіздің ұсынысыңызды ұсынуға, барынша елдің ертеңі үшін еңбек етуге шақырамыз; 

М. Ақан