Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздік

Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздік
Фото: egemen.kz

Латын әліпбиі туралы көтерілген мәселе бір жағына әлі шыға қойған жоқ. Елбасының рухани жаңғыру жолындағы басып айтатын құндылығының бірі 2025 жылға дейін мемлекеттің толыққанды жаңа әліпбиге өтуі. Дегенмен ұсыныстардан шыққан шикілік қоғамда біраз дау туырды. Осы мәселе жөнінде Алматы қаласында үлкен тұлғалар мен жастардың арасында дөңгелек үстел өтіп, онда құнды-құнды, дәйекті пікірлер айтылды.  

Смағұл Елубай, жазушы: 

Ең бірінші бірлігіміз берік болу үшін мектепте реформа болу керек. Төменгі балабақшадан бастап мектеп қабырғасына дейін толыққанды қазақ тілінде білім беретін орындарға айналуы керек. Тек орыс тілі мен ағылшын тілі сабақтары өз тілінде өтіле берсін. Осы ретте де латын әліпбиіне өту арқылы, барлық сабақтар жаңа әліпбимен оқылып, тек жоғарыда атап өткен қос тілді оқыту үдерісі қалпынша қала берсін. Бір сөзбен айтқанда қазақ-орыс мектептері деген атаудың жойылғаны керек.

Біз Герольд Белгерді неге сүйдік? Қазақ тілін құрметтеп, сүйгені үшін оны жақсы көрдік. Дәл осы нәрсе жаппай республика көлемінде қалыптасуы керек. Қандай ұлт болмасын тұрып жатқан елдің ана тілінде сөйлеп тұрса, яғни қазақ тілінде сөйлесіп тұрса біздің де оларға деген құрметіміз болады.

 Қазыбек Иса, «Қазақ үні» ЖШС президенті, ақын:

Тіл компьютер үшін бе, компьютер тіл үшін бе? Осы мәселені шешіп алайық. Алдымен латын әліпбиіне басқа жағынан қарау керек. Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздік. 1993 жылы экономикалық тұрғыда теңгеге қадам басып, экономикалық тәуелсіздік алған болсақ, кирилицадан бас тарта отырып, рухани еркіндікке ұмтыламыз. Латын әліпбиіне өтуге ел болып, жастар болып жұмыла әрі үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазақпын деген адам латын әліпбиіне өтуге қарсы болмауы керек. Бірақ біз неге қарсы болуымыз керек? Жаңа әліпбидегі кейбір жағымсыз әріптерге, қазақ әріптерінің жоғалып кетуіне қарсы болуымыз керек. Кеше бұл мәселе айтылды, Лондонда отырып үйіңе хат жаза бересің дейді. Бірақ Лондонда отырып үйіме қазақ әріптерінсіз хат жазсам, оның маған не керегі бар? Төл әріптерімді жоғалтып алсам, ондай ағылшындық нұсқадағы әліпбидің не қажеті бар?

Мысалы: «Әлім» деген адамның атын жазу үшін біз «әйелім» деп жазамыз. (латын нұсқасы:Aelim) Ал кейін осы мәселенің дәл осы қалпында қалып кетпесіне кім кепілдік береді? Тағы бір мысал келтірейін «түнгі» деген сөз жүр. Ал оны жаңағы латын әріптерімен жазсам, «түңі» болып оқылады. Ал әр жазған дүниені қашанғы оқырманға барып түсіндіріп жүресіз. Ал «асхана» деген сөзді «ашана» деп оқисыз. Осы мәселелерді біз шешіп алуымыз керек. Осы ретте екі әріптен бір дыбыс жасағаннан гөрі, дәйекшелер арқылы беруді қолдаймын. Еуропада көптеген елдердің әріптерінде бұл дәйекшелер кездеседі. Олар шатысып, не тілін үйрене алмай қалған жоқ. Сондықтан бұл мәселені анықтап шешіп алу керек.

 Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарихшы:

Жалпы латын әліпбиіне өтудің басты мақсаты – заман көшіне ілесу, ашық әлемдегі ғылымға жол алу. Жалпы ағылшын тілінде бір дыбыс беру үшін әріптердің қосарлануы кездеседі. Бірақ дұрысы бізге бұл жолдан қашу керек. Барынша төл дыбысқа идіру керек.


Түйін: латын әліпбиіне өту – міндет. Ал оның әліпбиіне келер болсақ, әлі де бір қайнауы ішінде екені анық. Сондықтан лингвист мамандар бұл мәселені қайта талдаудан өткізіп, сүзгі жасап халыққа ұтымды жағын ұсынады деген ойдамыз. Қазыбек мырзаның айтқанындай «рухани тәуелсіздік» екенін ұмытпау керек.

М. Ақан