БЖЗҚ: шетелде жұмыс істейтін ҚР азаматының зейнетақы қорына аударым жасауға бола ма?

БЖЗҚ: шетелде жұмыс істейтін ҚР азаматының зейнетақы қорына аударым жасауға бола ма?
Фото: vk.com

Қазіргі тәуелсіз заманда өз еліміздің болашағының жарқын болуына ықпал етуді көздеп, шетел асып тәжірибе жинап жүрген жастар қатары өте көп. Қазақстандай кең байтақ мекеннің әр жерін өркендету үшін өзге дамыған елдердің ішкі саясатын саралап, солардың ең тиімді жолдарын үйрену – шетте жүрген қазақ жастарының мақсаты.

«Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегендей асқақ арман жетегінде туғандарынан алшақ кеткен қандастарымыздың ата-ана, туған-туыстарын олардың елге қайта оралған кездегі  жағдайы алаңдататыны рас. Әсіресе, сол жастардың үлкейген шағындағы алаңсыз өмірінің кепілі саналатын зейнетақы жинақтамаларының болмауы - аса маңызды мәселе. Десе де, Қазақстан Республикасында зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заңымен, басқа да заң актілерінің азаматтар жағдайын бірінші орынға қоя отырып құрастырылуының арқасында жоғарыда аталған жағдай айтарлықтай күрделі мәселе емес.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде, яғни, шетелде жұмыс істей отырып, әрбір азаматтың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша құқықтық қатынастарға қатысуға мүмкіндігі бар екенін біле жүріңіз.

Сонымен қатар, шетелде жұмыс істейтін азаматтың туысы, ата-анасы немесе бауыры оның қамын жасай алады. Нақтырақ айтсақ, үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналары туралы шарт жасай алады не сол азаматтың өзі осындай шарт жасай алады. Мұндай тәсіл өте ыңғайлы, өйткені жарналардың кезеңділігін және мөлшерін адам өзі белгілей алады. Айтып өткеніміздей, ерікті жарналарды өз туыстарының және жақындарының пайдасына аударуға болады. БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калкуляторы келешектегі зейнетақының болжалды мөлшерін есептеуге көмектеседі және тұрақты аударылатын ең аз ерікті жарналардың өзі зейнетақы жинағын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін көрнекті түрде көрсетеді. Жарналарды теңгемен салған дұрыс.

А. Оралқызы