Ел шекарасын белгiлеуде Елбасының еңбегi ерен

Ел шекарасын белгiлеуде Елбасының еңбегi ерен
Фото: /static.akipress.org

Атамекен! Бағзыдан тағдырын кiндiк қаны тамған топырақпен, қара жермен байланыстырған қазақ халқы үшiн мұнан қымбат, мұнан қастерлi ештеңе жоқ. Баһадүр бабаларымыз жер үшiн жаннан кешiп жауды қуған. Сол қара жер ерлердiң ел үшiн төккен қанын жұтқан. Олай болса, ата-бабамыз аманат еткен қасиеттi қонысты көздiң қарашығындай сақтау – бүгiнгi һәм болашақ ұрпақтың айнымас парызы. Ал, жердiң бүтiндiгi, елдiң тыныштығы, мемлекеттiң мызғымастығы шекараның бекемдiгiнен басталары хақ.

Сөз жоқ, қазақ халқы Қазақстан Республикасындағы бiрден-бiр автохтонды халық. Басқа емес, тап осы байтақ дала бiздiң ата-бабаларымыздың әлiмсақтан қоныс тепкен мекенi болған. Бұл сайындарда әр дәуiрде Түрiк қағанаты, Қарахан мемлекетi, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы секiлдi бiздiң тарихи мемлекеттерiмiз салтанат құрған. Десе де, кешегi елiмiз бодандық қамытын киген кезеңде қазақтың мемлекеттiк шекарасы қазiргiдей толыққанды, әлем елдерi мойындаған, халықаралық нормаларға сай құжатпен бекiтiлген қалыпта болған жоқ. Қазақ жерiнде шекарасы бiржола бекiген, көршi елдердiң барлығымен жер дауы шешiлген қазiргiдей мемлекеттiң болуы бiрiншi рет екенiн бәрiмiз мойындауға тиiспiз. Мұндай мемлекет құру бiздiң буынның маңдайына, оның iшiнде қазақтың заманнан озық туған перзентi, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылған бақ болды.

Ширек ғасыр бұрын елiмiз тәуелсiздiгiн жариялаған сәтте Қазақстанның алдында тұрған бiрiншi кезектi мәселелердiң бiрi – көршiлермен мемлекеттiк шекарасын айқындап, бекiту едi. Бұл аса күрделi әрi ұзаққа созылар үдерiс екенi талассыз болатын.

Тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бiз үшiн Қазақстанның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды мiндет жоқ» деген болатын. Елiмiздiң аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшiн Мемлекет басшысы шын мәнiнде орасан зор жұмыстар атқарып, нәтижесiнде бiздiң мемлекеттiк шекарамызды толық айқындап, келiсiп, заңдық тұрғыдан көршiлерге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа бiржола мойындатты. Шетелдiк дипломатиялық корпус өкiлдерiмен кездесулерiнiң бiрiнде Елбасының «Бiз барлық көршi елдермен мемлекеттiк шекара мәселесiн реттеп, шештiк. Бiздiң сыртқы шекарамыз – тату көршiлiк пен ынтымақтастық шекарасы» дегенi есiмiзде.

Заңдық тұрғыдан айқындалған аумағы мен мемлекеттiк шекарасы – қандай да бiр елдiң дербестiгiнiң ең басты нышандарының бiрi. Сондықтан Қазақстанның шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстары мемлекеттiк егемендiгiмiздiң аумағы мен шегiн бекiту бағытындағы стратегиялық шара болатын. Мемлекеттiк шекараны анықтаудың маңызын тереңiрек түсiну үшiн осы жолда атқарылған ауқымды жұмыстарды қысқаша шолып өтсек.

Тәуелсiз Қазақстан Республикасы тарихи мұрагерлiк құқығы бойынша Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ КСР-iнiң аумағы мен шекарасына иелiк еттi. Алайда, тәуелсiздiктi жариялағаннан кейiн алдан аса күрделi екi мәселе шықты. Бiрiншiден, қолда бар мемлекеттiк шекараны жаңа, халықаралық деңгейде делимитациялап, бекiту қажеттiгi туындады. Екiншiден, осы үрдiс барысында туындаған түйткiлдердiң барлығын көршi елдермен келiсе отырып, бейбiт жолмен шешу қажет болды.

1993 жылдың 13 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы» заң мемлекеттiк шекара ел аумағының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуедегi шегiн анықтайтын сызық екенiн және шекара тек қана Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмшарттарымен анықталатынын айқын ұқтырды. Сонымен, Қазақстан Республикасының құрлықтағы мемлекеттiк шекарасының ұзындығы – 13 400 шақырым.

Қазақстан–Қытай шекарасы. Оны айқындауға бағытталған жұмыстар 1992 жылы басталып кеттi. Жерiмiздiң шығыстағы шекарасы сонау Қазақ хандығы кезiнде де айқындалмаған. Одан берiде КСРО мен ҚХР арасында да осы шекара сызығына байланысты келiспеушiлiктер туындағаны тарихтан мәлiм. Тек Елбасының саяси ерiк-жiгерiнiң, дипломаттық шеберлiгi мен табандылығының нәтижесiнде Қазақстан–Қытай шекарасын айқындауға бағытталған 5 халықаралық келiсiмшарт жасалып, екi ел арасындағы ұзындығы 1782 шақырымды құрайтын шекара ресми түрде бекiтiлдi.

Бұл жөнiнде Елбасы өзiнiң «Тарих толқынында» атты еңбегiнде «1994 жылы  премьер Ли Пэннiң Қазақстанға келген  сапарында екi елдiң  арасындағы  шекараны  заңдастырып үлгерiп, тиiстi келiсiмге қол қойдық.  Ал, 1995 жылдың қыркүйегiндегi бұл елге барып қайтқан үш күндiк сапар үстiндегi  соңғы жолығысу өте ерекше болды. ...Қазақстан мен ҚХР арасындағы  Қазақстан–Қытай шекарасы туралы келiсiмдi ратификациялау  жөнiндегi  грамоталар алмасу хаттамасына қол қойылды» деп еске алады. Егер Қытайдың Қазақстаннан басқа барлық көршiлерiмен арада территориялық дау-дамайы бар екенiн, аспан асты елi бiзден басқа бiрде-бiр көршiсiмен шекарасын құжат жүзiнде ресiмдемегенiн ескерер болсақ, Н.Назарбаевтың бұл бағытта жеткен жетiстiктерiн қазақ халқының тарихи жеңiсi деп бағалауға негiз бар.

Қазақстан–Ресей шекарасы. Кеңес Одағы кезiнде Одақтас республикалардың арасындағы шекара iшкi әкiмшiлiк-аумақтық шекара ретiнде белгiленiп, тек карталарда ғана көрсетiлетiн. Шекара бойында ешбiр бөлу сызығы, белгi болмайтын. Әрi Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады, оның жалпы ұзындығы – 7591 шақырым. Бұл шекара сызығы да үнемi даулы сипат алып,  ұзақ жылдар бойы, әсiресе,  ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында айтарлықтай кикiлжiңдер туғызған. Бұл жағдай екi халық арасындағы достыққа қаяу түсiрiп, мемлекеттер қатынасын күрделiлендiрген  болатын. Бұл мәселелер де Елбасының көреген саясаты мен байыпты мәмiлегерлiгiнiң арқасында оң шешiмiн тапты.

Атап айтқанда, 1998 жылдың 12 қазанында Ресейдiң сол кездегi президентi Борис Ельциннiң мемлекеттiк сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекараны анықтауды белгiлеген Хаттамаға қол қойылды. Осы құжаттың негiзiнде мемлекеттiк шекараны анықтау бойынша ауқымды бiрлескен жұмыстар жүргiзiлдi. Сөйтiп, 2005 жылдың 18 қаңтарында  Мәскеуде  Нұрсұлтан Назарбаев  пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей  мемлекеттiк шекарасы  туралы  келiсiмге қол қойды, нәтижесiнде  әлемдегi  ең ұзақ  шекара құқықтық  негiзде бекiтiлдi.

Елiмiздiң Өзбекстан, Қырғызстан және Түркiменстанмен шекарасы да тараптардың ұлттық мүддесiне сай өзара келiсiммен және бейбiт жолмен айқындалды. 1999 жылдың қыркүйек айында құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын делимитациялау жөнiндегi үкiметтiк комиссия Қырғызстанмен шекара – 1242 шақырымды, Түркiменстанмен арадағы шекара – 426 және Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтынын анықтады.

Бүгiнгi таңда мемлекеттiк шекараны бекiту жұмыстарымен бiрге елiмiздiң аумақтық тұтастығының мызғымастығын қамтамасыз етудiң аса жауапты мiндетi абыроймен атқарылғанын сенiммен айта аламыз. Ұлттық қауiпсiздiгiмiз бен алдағы талай мыңжылдықтарға жалғасатын тұрақты дамуымызға қажеттi негiз толықтай қаланды. Осының арқасында төскейде малы қосылған iргелес көршiлерiмiздiң барлығымен бауырластық қатынас орнаттық.

Осылайша, өзiнiң сан мың жылдық тарихында қазақ халқының мемлекеттiгi тұңғыш рет халықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекiтiлген мемлекеттiк шекараға ие болды. Бүгiнгi таңда Елбасының еңбегiнiң арқасында белгiленген бiздiң мемлекеттiк шекарамыз – достық пен тату көршiлiк шекарасы.

А.САЙЛАУҰЛЫ

okg.kz

T. Кіршібаев