«ЭКСПО-2017» көрмесіне жолдама берілді

Өскемендегі Комсомол аралындағы «Эко үй» аумағында «Қайратты жастар-2016» атты облыс жұмысшы жастарының байқауы өтті.

Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың айтуынша, облыс аумағында орналасқан индустриалды өндіріс ошақтарында 20000 мыңнан астам жастар жұмыс істейді.

– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ел болашағы білімді және салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қолында екенін әрдайым айтып келеді. Облыстағы ірі кәсіпорындар мен зауыттарда жұмыс істейтін жастардың қатары жыл санап артып келеді. Ел экономикасының дамуына үлес қосып келе жатқан жастарға облыс басшылығының атынан алғысымды білдіремін, - деді Ержан Сембинов.

Мұндай форматта екінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға облысымыздың ірі кәсіпорындары мен зауыттарында еңбек ететін жұмысшы жастар қатысып, спорттық сайыстар мен өнер байқауында бақ сынасты. Жалпы, байқауға тоғыз ірі зауыт пен кәсіпорынның командалары қатысты. Атап айтқанда, «Өскемен Титан-магний комбинаты», «Азия Авто», «Үлбі металлургиялық зауыты», «Қазпочта» акционерлік қоғамының Өскемен қалалық филиалы, «АЭС Согра ЖЭС» және «KAZ Minerals» сияқты өндіріс орындарының командалары қатысты. Байқауды ұйымдастырушы, облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, басты мақсат – жұмысшы жастарды мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен таныстырып, жұмысшы жастар арасындағы шығармашылық бәсекелестікті арттыру.

– «Шығармашылық», «Спорттық», «Жаңашыл адам» атты үш кезеңнен тұратын байқауға қатысушы командалар жеті аталым бойынша өзара бақ сынасты. Олардың дені – біздегі зауыт-фабрикалардың жас жұмысшылары, белсенді өмірлік және саяси ұстанымдары бар қыздар мен жігіттер. Байқауға қатысушы командалар сан алуан спорттық сайыстарда өзара кіл мықтыны анықтады. Сонымен қатар, әр кәсіпорынның атынан әнші, биші жастар да қатысып, өз өнерлерін ортаға салды, - дейді Арайлым Есімбекова.

Аталмыш байқау аясында жас түлектер мен техникалық бағыттағы орта арнаулы оқу орындары студенттеріне арналған үгіт насихат алаңдары құрылып, кәсіпорын мен зауыттар туралы толық ақпараттар берілді. Сонымен қатар, байқауды тамашалауға келген жастарға Өскемендегі спорт кешендеріне 50 пайыздық жеңілдіктер таратылды.

– Бірінші байлық – денсаулық болғандықтан, спортпен шұғылдану пайдалы. Шынын айтқанда, біз сияқты студенттердің қаладағы спорт кешендеріне барып, түрлі үйірмелерге қатысуға шамалары жете бермейді. Сондықтан, бүгін осындай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Мұндағы үгіт-насихат алаңдарында білікті мамандардан кеңес алып, болашағымды тау-кен инженериясымен байланыстырамын деп шештім, - деді Өскемен политехникалық колледжінің 3-курс студенті Жарқын Зияданов.

Байқау соңында сөз алған облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығының «Жас кәсіпқой-2015» аталымының иегері, «Өскемен Титан-магний комбинатының» аға шебер технологы Тұрар Сәрсенбековтың айтуынша, біздің облысымызда осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл шараның маңызы зор.

– Жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру мақсатында өткізілген байқауда жастар өнерлерін ортаға салды. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз Жолдауында: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», деп Елбасымыз жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге шақырды. Нақтылап айтсақ, Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша 2017 жылдан бастап «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылады. Бұл студент жастарға жұмысқа орналасуда септігін тигізері сөзсіз. Екінші жағынан, өз саласының майталмандарын дайындауда игі бастама бұл, - деді Тұрар Сәрсенбеков.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік кәсіби алаңы» аталымына «KAZ Minerals» ие болса, «Үздік шығармашылық бағдарлама» аталымы бойынша «Өскемен Титан-магний комбинаты», «Кәсіпорындағы үздік жастар ұйымы» аталымына Үлбі металлургиялық зауыты, «Үздік спорттық ұжым» аталымына Өскемен жылу энергетика орталығы, «Жастар таңдауы» аталымына «Қазпочта» акционерлік қоғамының Өскемен қалалық филалы жеңіп алды. Аталмыш байқаудың «Аруы» мен «Сұлтаны» атанған Наталья Емельянова мен Бағдат Әбіловке «ЭКСПО-2017» көрмесіне тегін жолдама берілді.

Естеріңізге сала кетейік, облысымыздағы ірі кәсіпорындар мен зауыттарда жұмыс істейтін мамандардың 32 пайызын жұмысшы жастар құрайды екен.

Ажар Мұратқызы

Дереккөз: didar-gazeti.kz