Қазақстанда ер адамдар "декретке" шыға ала ма?

Қазақстанда ер адамдар "декретке" шыға ала ма?
Фото: ru.freepik.com

Қазақстанда әкелер "декретке" шыға ала ма? Ерлер мен әйелдерге берілетін төлемдер бірдей ме? Бұл сұрақтарға Алматы қаласы бойынша "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ филиалының директоры Сагинбекова Ләззат Суанбайқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, Қазақстанда әкелер бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады.

"Декретке тек аналар шығады, ал әкелер бала күтімі бойынша демалысқа шыға алады. ҚР Еңбек Кодексінде (100-бап, 1-тармақ) бала күтімі бойынша демалысқа ата-ананың бірі шыға алады деп жазылған", - деді Ләззат Суанбайқызы.

Әлеуметтік төлем ата-ананың біреуіне ғана беріледі.

"Әлеуметтік төлем ата-анасының тек біреуіне төленеді. Мысалы, ер адам бала күтімі бойынша демалысқа шыққысы келсе, жұмыс орны оны жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жібереді. Ол сол бұйрықпен әлеуметтік төлем алуға жүгіне алады. Бұл демалыс кезеңі бала туған күннен бастап болуы керек. Әйел болсын, ер адам болсын, жәрдемақы мөлшері оның бала дүниеге келгенге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа табысына байланысты есептеледі", - деп түсіндірді маман.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтіміне байланысты берілетін төлем мерзімі ұзартылды.

   "Бала күтіміне байланысты берілетін төлем 2023 жылдан бастап бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін болып өзгерді. Яғни, егер бұл демалысты ер адам алатын болса, ол бала 1,5 жасқа толғанға дейін жәрдемақыны алып, содан кейін жұмысына орала алады.

   Бір ескере кететін жайт, мен жоғарыда айтқан ер адам мен әйел адамға төленетін төлем тек жұмыс істейтін азаматтарға байланысты. Егер ата-ана жұмыс істемейтін болса, бала күтіміне байланысты жәрдемақы республикалық бюджеттен бала санына қарай төленеді", - деп ескертті маман.

Егер ата-ана жұмыс істемейтін болса, бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері:

·         бірінші балаға  – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;

·         екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;

·         үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;

·         төртінші және одан көп балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.

Егер отбасыда егіз дүниеге келсе, әлеуметтік төлем әр балаға беріледі.

Ал жұмыс істейтін ата-аналар декреттік төлемдердің қалай есептелетінін мына жерден оқи алады.

А. Жапатова