Гүлді шешеме сыйлайын деп едім

Гүлді шешеме сыйлайын деп едім

Бір қысты бас алмай қарбаластықпен өткізгеннен кейін, ол ақыры екі апталық демалыс алды. Осы орайда көрінісі көз тартар бір жерге барып, музыкасы құлақ құрышын қандыратын мейрамханалардан тамақтанып, бірнеше достарын тауып, жақсы көлікке мініп, қалағанынша рахаттануды әлдеқашан жоспарлап қойған еді. Жүрерден бір күн бұрын үйіне келді. Көтеріңкі көңіл-күймен керек-жарағын реттеп, үлкен чемоданды автокөліктің артына салды. Екінші күні таңертең жолға шығардан бұрын шешесіне телефон шалып, серуенге шыққалы тұрғанын айтты. Шешесі: «Жолшыбай бізге соға кетпейсің бе, сені сағындым, аздап әңгімелессем деймін, біз көріспегелі ұзақ болыпты» деді. Ол: «Шеше, менің де сізді көргім келді, бірақ, жолдан қалсам болмайды. Басқалармен жүздесетін уақытты алдын ала келісіп қойған едім» деді жігіт. Ол көлігін айдап, жоғары қарқынды жолға шыға бергенде, бүгін шешесінің туған күні екені есіне түсті. Біраз жолды айналып, бір гүл дүкеніне келді. Азырақ гүл сатып алып, шешесіне алып баруды ойлады. Ол шешесінің гүлді ұнататынын білетін. Дүкенде бір кішкентай ұл бала бір шоқ роза гүлін таңдап алып, ақша төлемек болып тұр еді. Кенет оның өңі өзгере қалды, гүлді сатып алуға ақшасы жетпей тұр екен. Ол әлгі баладан: «Бұл гүлді қайтпек едің?» деп сұрады. «Шешеме ұсынайын деген ем, бүгін оның туған күні» деді төмен қарап. Ол баланың жетпей тұрған ақшасын төлеп, гүлді алып берді. Бала қуанғанынан: «Рақмет сізге, мырза! Шешем сіздің жомарттығыңызға алғыс айтатын болады» деді.

«Оқасы жоқ, бүгін менің шешемнің де туған күні!» Жүзі бал-бұл жанған бала гүлді алып бара жатты. Гүлге тапсырыс беріп, шешесінің адресін қалдырды. Жігіт жолға шығып, бір тау бөктерін айнала бере, әлгі кішкентай ұл баланың бір зираттың алдында гүлін жайып қойып, жүрелеп отырғанын көрді. Кішкентай бала оны көрді де, қолын бұлғап: «Мырза, шешем ұсынған гүлімді ұнатты, рақмет сізге!» деп айғайлады. Ол дереу көлігін кері қайтарды. Гүл дүкенінің қожайынын тапты да: «Әлгі мен бұйыртқан гүлді жолдап жібердіңіз бе?» деп сұрады. Қожайын басын шайқады: «Әлі жолдай қойғамыз жоқ».

«Онда сіздерді әурелемей-ақ қояйын, - деді жігіт, - Шешеме өзім алып барамын!»

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nicpic.com

M. Auelkhan