Адамның мәні

Адамның мәні

Бір сәби өмірге келгендігі жайлы хабар келсе туыс-туған, дос-жаран: «Қыз бала ма, ұл бала ма? (қазақ ат байлар ма, қой бағар ма деп сұраған)» деп сұрап жатады. Патшаның бәйбішесі босанса да, отыншының әйелі босанса да осылай сұрайды. Осы нәресте болашақта әкім болуы да, миллионер бай болуы да мүмкін. Бірақ, ешкім де «Әкім өмірге келіп пе, байекең өмірге келіп пе?» деп сұрамайды. Адам өмірге келгенде, ол тек жай ғана адам. Осы күнде облыс әкімі болып жүргендер туылған кезде, көршілері: «О, облыс әкімі өмірге келді!» деп жар салып, қуанбаған шығар. Бақыр басты пенденің балта сабындай қысқа өмірінде мейлі мансапты, мейлі бай, мейлі атақты жазушы болсын, ол халыққа не дүние сыйласа да ол қарапайым ғана адам. Уақыт бәріне жауап беріп, өз сеңімен бәрін жуып отырады. Табиғаттың өзгерістері сияқты, мысалы, мұздың еріп, жапырақтың қуаруы сияқты, адам да табиғаттың бір бөлігі. Табиғат оның «әкім, бай, ғалым» деген секілді аттарына пысқырып та қарамайды. Адам деген атқа тек кісілік болмыспен, бойыңдағы ар-ожданмен, нысаппен ғана жетесің. Адам тек қана адам ғана. Оның бойындағы кісілік қасиеттері оның нұрын алысқа түсіреді. Ал бүгінгі күнде, арамызда өмірге әкім болып, бай болып, еш жанның қолы жетпес жұлдыз болып өмірге келгендей күйде жүрген жандар қаншама?!

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: norislam.com

M. Auelkhan