Көктем келді!

Көктем келді!

Көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Біреудің қаласында күн жылып, қар ери бастаса, басқа қалада әлі де қыс өз орнын берер емес. Қалай болғанмен, бүгін - көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің көңіл-күйімізге әсер етпеуі мүмкін емес. Бұл күн өмірге жаңашылдықтар енгізуге себеп болсын.

Көптен күткен жылы күндер, сағындырған күннің көзі, құлпырған арулар... Көктемнің әркімге де жетіспегені рас. Сол аңсаған күндер де келді. Енді не істейміз? "Алақай, көктем келді!" деп қол қусырып отыра береміз бе? Одан да, біздің кішігірім кеңестерімізге құлақ асып, көңіліңізді одан да көтеріп, бұл күндерді өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де пайдамен өткізіңіз.

  • Ең бірінші кеңесіміз қыздарға бағытталмақ. Көктемнен кейін не келеді? Иә, жаз. Демек енді ешқандай сылтауларыңыз өтпейді. Жазда сымбатымен жайнап жүремін дейтіндер бүгіннен бастап арықтау, диета, спорт, жаттығуларды қолға алсын. Қыс бойы "Кейін бастаймын..." дегендердің соңғы мүмкіндігі - осы күн. Айналдырған үш айда өзіңізді қолға алып, ретке келтірсеңіз болады. Мамандардың айтуынша, күнделікті бір уақытта жаттығатын қыздардың арықтауға мүмкіндіктері көбірек. Ал азанмен, таңғы асқа дейін спортпен шұғылданатындардың арықтауы 20 пайызға артады екен. 
  • Екінші кеңес көктемнің келіп, қыздардың жайнайтындығына мәз болып отырған жігіттерге арналады. Қыздарды жайнату көктемнің ғана емес, сіздің де қолыңызда. Сүйіктіңізге 8 наурызды күттірмей, бүгін-ақ гүл сыйласаңыз, оның көктемгі көңіл-күйі шегінен асып, 8 наурызға дейін еш қиындықсыз жүресіз. Оған нағыз көктемді сездіріп, көңілінің гүлденуіне себеп болыңыз. 
  • Айтпақшы, 8 наурызға дайындықты бастай беріңіздер. Бұл қыздарға да, жігіттерге де айтылған кеңес. Жігіттер сыйлықтар, баруға болатын жерлер, гүлдер жайлы ойлана беріңіздер. Ал қыздар, аналары мен құрбыларына сыйлық алуды ұмытпаңыздар. Мерекелік қарбаласқа тап боп қалмай, бұл сұрақтарды қазірден шешіп тастаңыз. 
  • Қыздарға кеңес - өзіңізді еркелетіңіз. Маникюр жасатыңыз, шоппинг жасаңыз, шаш сәнін ауыстырыңыз. Алда 8 наурыз, бәрібір бұл шараларды жасауға "тура келеді". Ал одан кейінгі рахат сезімі, көктемгі көңіліңізді одан бетер бекітеді.

Келген көктем құтты болсын! Бұл көктем тек жақсы сезімдер сыйласын!

Дайындаған: Сания Аринова

С. А