"Апат айтып келмейді": Жер сілкінісі кезінде неге дайын болу керек?

"Апат айтып келмейді": Жер сілкінісі кезінде неге дайын болу керек?
Фото: Турар Казангапов

Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицерi Баймұхамбетова Сандуғашпен сұхбаттасып, тұрғындар жер сілкінісі кезінде өздерін қалай ұстау керегін білді. Бұл кеңестер сіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғау басқармасы тұрғындарға мына 10 қадамды ұсынады:

1. Сабыр сақтаңыз. Егер үрейге берілсеңіз, іс-қимылыңызды, ойыңызды жинақтай алмай қаласыз;
2. Дүмпулер кезінде лифт пен баспалдақты қолданбаңыз. Өйткені лифт тоқтап қалуы немесе төменге түсіп кетуі мүмкін. Баспалдақтар да сынып, төменге түсіп кетуі мүмкін;
3. Жиһаздан, терезеден және аспашамдардан аулақ тұрыңыз;
4. Жасырынатын жер табыңыз, басыңызды қолмен жабыңыз. Мысалы, үйдің бұрышы, қабырға жағасында тұру керек;
5. Дүмпулер тоқтаған соң ғимараттан шығыңыз. Себебі жер сілкінісінен кейін екінші рет жер сілкінуі әбден мүмкін. Сондықтан оған дейін мүмкіндік болса, сыртқа шығып алған жөн;
6. Ғимараттан шығарда су, газ және электрді өшіріп шығыңыз. Әйтпесе, өрт болуы мүмкін;
7. Дабыл дорбасын алыңыз. Ол өзіңізбен бірге алып жүруге ыңғайлы болуы керек (оны алдын ала дайындап қою керек);
8. Электр желісінен, ғимараттардан және ағаштардан аулақ жүріңіз. Ашық алаңға барыңыз;
9. Қайталанатын дүмпулерге дайын болыңыз.
10. Балаларға, қартарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіңіз.

Маман үйдегі барлық жиһазды қабырғаға бекітуге кеңес берді.

"Шкафтарды, сөрелерді қабырғаға берік етіп бекіту керек. Үлкен картиналар, үлкен шкафтар және ауыр заттар қойылған жиһаздарды қабырғаға бекіту керек. Өйткені олар шығатын есік жолдарын құлап жауып қалуы мүмкін немесе олар құласа, жарақат алуыңыз мүмкін. Апат айтып келмейді. Сондықтан барлық тұрғындарға дабыл дорбасын дайындап қоюға кеңес беремін", - деді Сандуғаш Баймұхамбетова.

Дабыл дорбасында не болу керек:

- Құжаттардың көшірмесі;
- Алғашқы көмекке қажет дәрілер;
- Су (қыста адам басына 3-4 л, жазда - 5-6 л);
- Консервіленген тамақ;
- Гигиена құралдары;
- Қосалқы киім, аяқ киім, жамылғы;
- Радио, сіріңке, ысқырық, қол шам.

"Бұл кеңестерді білу арқылы және ұсыныстарды орындау арқылы Алматы тұрғындары және қала қонақтары өздерінің өмірлерін сақтап қала алады", - деп қорытындылады Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының офицерi.

А. Жапатова