Шаңғы мен сноубордты бірінші рет теберде нені ескеру керек?

Шаңғы мен сноубордты бірінші рет теберде нені ескеру керек?
Фото: Maarten Duineveld, Unsplash.com

Біздің кеңестер тәжірибелі инструктормен жаттығуды ауыстырмайды және шаңғыны түрлі техникамен тебуге үйретпейді. Бірақ шаңғы мен сноубордты бірінші рет тебуге бара жатсаңыз, мына пайдалы кеңестер мен қауіпсіздік ережелерін білу маңызды.

Моральді тұрғыда дайындалыңыз

Жаңа нәрсені үйрену ересектерге де пайдалы. Ғылым жаңа нәрсені үйрену когнитивті қабілеттерді жақсартатынын айтады. Оған қоса, физикалық белсенділік, соның ішінде шаңғы тебу миға да, жалпы ағзаға да пайдалы. Оның пайдасы жайлы және оны үйрену ешқашан кеш емес екенін ойлап, моральді дайындалыңыз.

Физикалық жағынан дайындалыңыз

Күнде физикалық белсенділікке уақыт бөлу керегі жайлы осы уақытқа дейін де айтылып жүр. Баурайға шықпас бұрын қыздырынып алу маңызды. Ол үшін 5-10 минут бойы жаттығу жасауға болады: 10 рет отырып-тұрыңыз, бір орында тұрып жүгіріңіз, буындарды шынықтырыңыз. Бұл сырғанау кезінде зақым алу қаупін азайтады.

Дұрыс киім таңдаңыз

Киімнің жылы және кез келген жүктеме кезінде құрғақ болып қалуы маңызды. Сондай-ақ өзіңізбен бірге қорғаныш аксессуарлары болуы керек. Оны сатып алуға да, жалға алуға да болады. Қыста шаңғы тебуге барғанда үстіңізде үш қабат киім болғаны дұрыс. Ішкі және бірінші қабат термокиімнен тұруы керек. Ол денені құрғақ етіп ұстайды. Аралық қабат жылуды  сақтайды. Материал түріне шектеу жоқ: флис, жүн, синтетика. Сыртқы қабат - қолайсыз ауа райынан қорғайды. Мембраналық матадан тігілген күрткеге мән беріңіз.

Тау шаңғы спортына арналған аяқкиімдер ыңғайлы болуы керек. Бұл жаңа бастаушылар үшін маңызды. Мамандар аяқты қыспайтын жұмсақ және жалпақ аяқкиім таңдауға кеңес береді. Аяқкиімді бірден сатып алмаңыз. Алдымен әр барғанда әртүрлі аяқкиімді жалға алыңыз. Сол кезде өзіңізге ыңғайлы түрін анықтайсыз.

Шаңғы немесе сноуборд тебуге бірінші рет бара жатсаңыз, жолдар таңбасымен танысып алыңыз. Мысалы, "жасыл" жолдарда үйрену оңай, бұл жаңадан бастаушыларға арналған қауіпсіз жол. "Көк" - қарапайым жолдардың бірі, кей жерлерінде тегіс емес аймақтар кездесуі мүмкін. "Қызыл" - еңісі бар орташа қиындықтағы жол. Бұл жолда өзіне сенімділер сырғанайды. Ал "қара" жолға тек кәсіби адамдарды жібереді. Себебі бұл жолда маневр жасау немесе секіру керек болады.

Еңісті жерде жүру ережелері

- Баурайдағы барлық адамға құрметпен қарау. Шаңғышылар мен сноубордшылар басқаларға қауіп төндірмеуі және зақым келтірмеуі керек. Олар өз әрекеттері үшін және жабдықтарының ақаусыз болуына жауапты;

- Жылдамдықты және қоғалыс бағытын бақылау. Өз дағдыңызға сай сырғанау керек және жағдай кенеттен өзгеруі мүмкін екенін ескеріңіз;

- Алда кетіп бара жатқан шаңғышының немесе сноубордшының ережесін сақтау. Алда кетіп бара жатқан адамда қозғалыс басымдығы бар. Ал артта келе жатқан адам қауіпсіз қашықтықты сақтауы керек;

- Егер шаңғысыз мінсеңіз немесе түссеңіз, жолды зақымдамас үшін және басқаларға кедергі келтірмес үшін шетімен жүру ұсынылады;

- Зақым алған адамға көмектесу. Егер дағдыңыз болмаса, айналадағыларға көмек керегін дауыстап жеткізіңіз.

А. Жапатова