"Қара жұма" қаншалықты пайдалы?

"Қара жұма" қаншалықты пайдалы?
Фото: nerdwallet.com

Жыл сайын қараша айының соңғы жұмасында АҚШ-та пайда болған Black Friday немесе "Қара жұма" деп аталатын заттарды жеңілдікпен жаппай сату күні өтеді. Қазақстан да бұл шарадан тыс қалмады. Бұл жылы 25 қарашада сауда үйлері мен онлайн-дүкендер 90 пайызға дейінгі жеңілдіктер ұсынады.

Black Friday қалай пайда болды?

АҚШ-та XIX ғасырдың соңында Алғыс білдіру күнінен соң, келесі күні жеңілдіктер маусымын жасау дәстүрі пайда болған. Көпшілікке тараған аңыз бойынша, шопоголиктерге арналған мерекенің негізін қалаушы - Фрэнк Вулворт. Ол 1873 жылы Пенсильваниядағы шағын Ланкастер қаласында алғашқы жеңілдіктерді ұсынған. Ол кездері нақты белгіленген баға болмайтын: сатушылар клиентпен сөйлесу арқылы оның төлем қабілеттілігін анықтап, содан соң ғана тауардың бағасын айтатын болған. Бірақ Фрэнк олай істемеді, басты сатушының кеткенін күтіп, барлық маусымдық тауарды шығарып, "Барлығы бес центтен" деп жазып қойды. ХХ ғасырдың басында  коммерциялық табыс толқынында Фрэнк Вулворт ірі бөлшек сату желісін ашты. Woolworth дүкендері қазіргі супермаркеттердің бастамасы десе болады.

Сатушылар тұтынушыларға жеңілдіктер, бонустар және ерекше сыйлықтар ұсыну арқылы оларды бірдеңе сатып алуға ынталандыру керегін жылдам түсінді. Алғыс айту күнінен кейін жұма күні сатылым көбейетіні түсінікті болған кезде дүкендер жыл сайын өткізілетін акция жасауды қолға алды.

Black Friday кезінде жолда кептелістер мен дүкендерде кезектер көп болады. Ұзақ уақыт "Қара жұма" жағымсыз әсерге ие болды, себебі ол қарбаласпен байланыстырылды.

1996 жылы New York Times баспасы "Қара жұма" сөзінің мағынасын бекітті: олар сатушылардың "Қара жұмадағы" қарқынды саудасы баланстық құжаттарында қара сиямен ақталады деп жазды.

Еуропа мен АҚШ-та адамдар бұл күні жұмыстан демалыс алады, ал кей шопоголиктер дүкен алдында кезекке түннен бастап тұрады. Көптеген сауда орталықтары түннен бастап ашыла береді.

Ескере кететіні, АҚШ-та "Қара жұма" табиғи қажеттілік ретінде пайда болған: Алғыс айту күнінен соң сатушылар тұрып қалған барлық тауардан арылуы керек және жаңа рождестволық және жаңажылдық сауданы бастау үшін қоймадан орын босатуы керек.

Америкалық дәстүрді Қазақстан да өзіне икемдеп алды

Бірақ бізде Алғыс айту күні тойланбайды. Бұл акция біздің елде шамамен 2009 жылдан бастап өткізіліп жүр. Бүкіләлемдік жеңілдіктер күніне алдымен интернет-дүкендер қатыса бастады, кейін сауда үйлері де қосылды. Яғни, "Қара жұма" өзінің бастапқы экономикалық мәнін жоғалтты десе болады. Ол тұтынушыларды тартуға арналған маркетингтік әдіске айналды.

Сондай-ақ, бұл акцияның атауы да ел арасында қызу талқыланып жүр. "Қара жұма" атауы көпшілікке жағымсыз естіледі. Елімізде "қара" сөзімен басталатын тіркестер жиі жағымсыз мәнде пайдаланылады. Осы орайда, былтыр Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған "қара жұма" сөзін "жомарт жұма" деп өзгертуге шақырған болатын:

"Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген "қара жұма" сөзі қоғамда талқыға түсіп жатыр. Дініміз бен дәстүрімізде бар "жұма" сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды "қара жұма" сөзін "жомарт жұма" деп өзгертуге шақырамын".

Мұндай жеңілдіктер кезінде көпшілік адам тиімді шопингке алдын ала дайындалмайды, сондықтан ойластырылмаған заттар алады. Бұл артық шығындалуға және жиі аса қажет емес зат алуға әкеледі. Ендеше, жеңілдікпен жаңа киім сатып аларда мына материалды оқуға кеңес береміз.

А. Жапатова