Ұшақ кешіксе, тасымалдаушыдан не талап ете аласыз?

Ұшақ кешіксе, тасымалдаушыдан не талап ете аласыз?
Фото: ru.freepik.com

Ұшақпен жиі ұшатын болсаңыз, оның кешігіп келуі сізге таныс жағдай. Соңғы кездері халық арасында бұл проблема жиі талқыланып жүр. Олар ұшақтарының кешігіп келгенін және сол үшін жоспарларының бұзылғанын айтып, наразылық білдіріп жатыр. Алайда көпшілік кей жағдайда зая кеткен уақыты үшін авиакомпаниядан өтемақы талап етуге болатынын біле бермейді.

Өтемақыны қандай жағдайда талап ете аласыз?

Авиакомпания тек олардың кінәсінен болған ыңғайсыздықтарды өтейді. Мысалы, рейсіңіз ұшақ ұшуға дайын болмағандықтан кідіріп қалды. Бұл тасымалдаушының кінәсі.

Ал қолайсыз ауа райы немесе әуежай проблемаларына авиакомпания әсер ете алмайды, сондықтан бұл жағдайда олар өтемақы төлеуге міндетті емес.

Сондықтан алдымен рейстің кейінге шегерілу себебін біліп алыңыз. Оны әуежайдағы авиакомпания өкілінен немесе тасымалдаушының жедел телефон желісіне қоңырау шалу арқылы анықтай аласыз.

Егер сөйлесе келе, рейстің кейінге шегерілуі авиакомпанияның кінәсі екенін анықтасаңыз, олардан өтемақы талап ете аласыз. Ол сіздің қай елден ұшып бара жатқаныңызға және тасымалдаушы-авиакомпания қай жерде тіркелгеніне байланысты.

Қазақстан жолаушыларының құқығын «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңы қорғайды. Оның 86-бабына сәйкес, ұшақ ұшпай қалса немесе ұшақ кідірсе және оған тасымалдаушы кінәлі болса, олар сізге мына қызметтерді ұсынуға міндетті:

1) 7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;

2) Рейстің жөнелтілуін 2 сағаттан көп күтсеңіз, ұзақтығы 5 минуттан аспайтын 2 телефон қоңырауын шалуға (оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу да кіреді) немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберуге мүмкіндік беру;

3) Рейстің жөнелтілуін 2 сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;

4) Рейстің жөнелтілуін 4 сағаттан көп күтсеңіз, күндізгі уақытта - әрбір 6 сағат сайын, ал түнгі уақытта әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

5) Рейстің ұшуын күндізгі уақытта 8 сағаттан аса және түнгі уақытта 6 сағаттан аса күткен кезде қонақ үйге орналастыруға және тасымалдаушы көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.

6) Егер тасымалдаушының кінәсінен ұшақ ұшпай қалса немесе оның ұшуын 10 сағаттан көп күтсеңіз, жолаушының қалауына қарай жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуі немесе жолаушы билетінің құнын қайтаруға міндетті.

7) Авиакомпанияның кесірінен рейс кешіккен болса және ол оның еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жолаушыға әрбір кідіртілген сағат үшін билет құнының 3 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейді.

Егер авиакомпания бұл қызметтерді орындаудан бас тартса, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне шағымдана аласыз.

Сенат депутаты Динар Нөкетаева azattyq.org сайтына берген сұхбатында шағым көп болса, қызмет сапасы да жақсаратынын айтты:

– Өзім де арыз-шағым жазып жүргенді жек көремін. Ол көп уақытыңды алады. Сондықтан жолаушылардың шағымын есту үшін "Электрон үкімет" порталын қолдану керек. Ол жерде бәрі ашық. Халық соған үйреніп келе жатыр. Қанша дегенмен, ұлттық әуе компаниясы да үкіметке бағынуы керек. Сонда әуе компаниясының қызметіне көңілі толмағандардың шағымы тиісті органға тез жетеді.

Қорытындылай келсек, әуе компаниялары рейс кешіккені үшін жауапқа тартылмайды, тек кешіккен жағдайда жолаушыларға тиісті қызметтер көрсетілмесе ғана айыппұл салынады. Бұл дегеніміз рейс кешіккен кезде оның себебін анықтап, егер ол авиакомпанияның кінәсі екені анықталса, өз құқықтарыңыздың орындалуын талап етуге тырысу керек. Осылайша, қызмет сапасының артуына өз ықпалыңызды тигізе аласыз.

А. Жапатова