Ұйқыдан тұра сала істеуге болмайтын нәрселер

Ұйқыдан тұра сала істеуге болмайтын нәрселер
Фото: ru.freepik.com

Барлығына бірдей келетін әмбебап таңғы әдеттер жоқ. Бірақ көптеген адам ұйқыдан тұра сала жіберетін кең тараған қателіктер бар. Олар денсаулыққа зиян келтіреді немесе жұмысқа кешігуге себеп болады.

Бірден кофе ішу
Кофені жақсы көретін адамдар қатарына жатсаңыз, одан мүлдем бас тартудың қажеті жоқ. Кей таңғы ережелерді сақтасаңыз болғаны. Мысалы, ұйқыдан тұрған соң алдымен 1 стақан жылы су ішіңіз. Біраз уақыт өткен соң ғана басқа сусындарға көшіңіз.

Оятқыштың қайталау батырмасын басу
Қанша жерден тағы да бес минут ұйықтап алғыңыз келіп тұрса да, оятқыштың қайталау батырмасын баспаған жөн. Себебі жұмысқа кешігуіңіз мүмкін және 5-10 минут қалғып, қайта оянғаннан күшіңіз қалпына келмейді, керісінше, өзіңізді одан әрі шаршаңқы және әлсіз сезінетін боласыз.

Электронды пошта мен әлеуметтік желіні тексеру
Көпшілік адам ұйқыдан ояна сала қолына смартфон алып,  келген хаттарды тексере бастайды. Бұл әдет күйзелістің артуына және күні бойы көңіл күйіңіздің нашар болуына ықпал етуі мүмкін. Душқа түсіп, киініп, таңғы ас ішіп болғанға дейін ұялы телефоныңызға мән бермеңіз. Ағзаңыз бен ақыл-ойыңыздың толықтай оянуына осыншама уақыт керек.

Төсек жинамау
Кей адамдар ұйқыдан тұрғаннан кейін және үйден шығарда төсек жинамайды. "Әдеттер күші" кітабының авторы Чарльз Дахигг төсекті ұйқыдан тұра сала жинаудың маңызды екенін айтады. Бұл өзіңізді күні бойы күрделі істерді орындауға дайындауға көмектеседі. Төсекті жинау арқылы ұйқыдан тұра сала орындалған бір істі аласыз, бұл өздігінше тізбекті реакцияны іске қосады. Бұл пайдалы әдеттерді және істі соңына дейін жеткізуді үйренуге ықпал етеді.

Қараңғыда жиналу
Брлық адам бірдей ұйқыдан тұра сала жапқышты ашып, жарықты қоспайды. Бірақ адамдардың биологиялық сағаттары жарыққа және қараңғыға сезімтал. Сондықтан қараңғыда жиналсаңыз, ұйқыңызды аша алмай, тағы ұйықтап алғыңыз келіп тұрады.

Таңғы ас ішпеу
Үйден таңғы ас ішіп шыққан дұрыс. Әйтпесе, маңызды істерді орындауға қажетті қолайлы энергия деңгейі жайлы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Оған қоса, ол түскі аста артық тамақтану қаупін арттырады.

А. Жапатова