Дәрігер қатерлі ісікті қандай қарапайым қан анализінен анықтауға болатынын айтты

Дәрігер қатерлі ісікті қандай қарапайым қан анализінен анықтауға болатынын айтты
Фото: lab4u

Эритроциттердің шөгу жылдамдығы (ЭШЖ) – ең көп таралған жалпы қан анализінің бөлігі. Ол ұйымайтын қанның екі қабатқа бөліну жылдамдығын көрсетеді: төменгісі – тұндырылған эритроциттерден тұрады, ал жоғарғы – мөлдір плазма қабаты.

Әдетте, ЭШЖ бойынша дәрігерлер адамның денесінде қабыну, жұқпалы ауру бар-жоғын бағалайды. Дегенмен, зертханалық диагностика бөлімінің меңгерушісі Татьяна Галунованың айтуынша, көзге көрінетін қабыну болмаса және индикатор жоғары болса қатерлі ісік скринингінен өтуге негіз болады.

«Қатерлі ісік – қабыну процестерімен де, анемиямен де, зат алмасудың бұзылуымен де жүретін көп факторлы ауру. Сондықтан қатерлі ісіктердің әртүрлі түрлерімен ауыратын науқастардың көпшілігінде ЭШЖ жоғарылайды», - дейді Татьяна Галунова.

Мысалы, тоқ ішектің немесе асқазанның қатерлі ісігінде пайда болатын анемия немесе ісікке жақын пневмония, өкпе ісігі ЭШЖ жоғарылауына әкеледі. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштің деңгейі бойынша нақты қандай ісік және қай жерде дамитынын айту мүмкін емес. Қосымша зерттеулер қажет болады.

Егер сіздің ЭШЖ жоғары болса, бірден алаңдамау қажет. Татьяна Галунованың айтуынша, бұл сізде қатерлі ісік бар дегенді білдірмейді.

«Жоғары ЭШЖ кезінде онкологиялық ауру болмауы мүмкін. Қатерлі ісік сияқты күрделі диагнозды анықтау бір мезгілде симптомдарды зерттеуді, науқасты мұқият тексеруді және зертханалық және аспаптық зерттеулердің деректерін талап етеді», - дейді маман.

Қан анализінде тағы нені ескеру керек?

Кәдімгі клиникалық қан анализінде қатерлі ісікті ЭШЖ арқылы ғана емес басқа да көрсеткіштермен анықтауға болады. Онколог Андрей Каприннің айтуынша, гемоглобин, лейкоциттер, қандағы қант мөлшерінің ешбір себепсіз өзгеруі жасырын ауруды көрсетеді.  

Сонымен, қандай талдау көрсеткіштерді ескеру керек:

• ЭШЖ жоғарылауы (эритроциттердің шөгу жылдамдығы);

• лейкоциттер санының кез келген өзгеруі;

• гемоглобиннің төмендеуі;

• жетілмеген жасушалардың көп саны;

• басқа жасушалар санының азаюы;

• көптеген түйіршікті және жетілмеген лейкоциттер;

• лимфоцитоз – қандағы лимфоциттер мен лимфалардың үлкен саны.

Алайда, Андрей Каприн жалпы қан анализі ісіктің ерте диагностикасы үшін жеткілікті емес екенін айтады. Қатерлі ісіктің ерте кезінде қанда ешқандай өзгерістер болмайды. Онкологтың айтуынша, қатерлі ісікке алғашқы күдік туындағанда биохимиялық қан анализі тағайындалады.

А. Оралқызы