Әріптесіңізден жағымсыз иіс шығып тұрғанын қалай айтуға болады?

Әріптесіңізден жағымсыз иіс шығып тұрғанын қалай айтуға болады?
Фото: ru.freepik.com

Әр адамның өзіне тән иісі бар. Ол көптеген факторларға байланысты әртүрлі болады. Адам терлегенде өзінен шығатын жағымсыз иісті байқамауы мүмкін. Ол басқаларға жағымсыздық тудыратынын білмеуі де мүмікін, бірақ оған оны айту ыңғайсыз. Бұл туралы оны ренжітіп алмай қалай айтуға болады? Бірнеше әдіс ұсынамыз.

Сергіткіш құралдар ұсыныңыз немесе сыйлаңыз

Егер әңгімелесушінің аузынан иіс шығып тұрса, өзіңіз шайнайын деп жатырып, оған да сағыз немесе сергіткіш кәмпит ұсыныңыз. Ал егер одан тердің иісі шығып тұрса, гигиена құралдарын көрсетіп қолданыңыз да, сол марканың жақсы екенін айтып, оған да ұсыныңыз. Ол антисептик, дезодорант немесе әтір болуы мүмкін. Егер қандай да бір мереке жақындаған болса, оған сыйлық ретінде душқа арналған гель, сусабын және дезодоранттан тұратын жинақ сыйлаңыз.

Бөлмені жиі желдетіңіз

Егер біреу себебін сұраса, соңғы кездері жағымсыз иіс сезіп жүргеніңізді және одан арылғыңыз келетінін айтыңыз. Сондай-ақ жұмысқа ауа сергіткіш құрал мен бөлме өсімдіктерін әкеліп қоюыңызға болады.

Ұқсас проблемасы бар адам жайлы айтып беріңіз

Осы тақырыпты достар немесе әріптестер арасында қозғаңыз. Ұқсас проблемасы бар адам жайлы айтыңыз немесе ойдан шығарыңыз. Бірақ асыра айтпаңыз. Бұл ойды жеткізгіңіз келген адам бәрін жүрегіне жақын қабылдап қалмас үшін немесе әңгіме негативке айналып кетпес үшін аса мұқият болыңыз.

Хат жазу

Жақын емес адаммен мұндай интимді тақырыпты қозғау ыңғайсыз екенімен келісеміз. Алайда кей жағдайда өзіңіз және басқалар үшін әрекет ету керек. Бірақ бұл жайлы оған тіке айта алмасаңыз, өз наразылығыңызды хат арқылы жеткізуіңізге болады. Бастысы, мәтінде адамды мазақ етпей, проблеманы егжей-тегжейлі жеткізіңіз. Әріптесіңіз немесе танысыңыз өзін біреу кемсіткендей сезінбес үшін барлығын әдепті және қисынды жазу керек. Хатты өз атыңыздан немесе анонимді түрде жолдасаңыз болады.

Тіке айтыңыз

Бұл батыл адамдарға арналған әдіс. Сол адаммен қолайлы ортада сөйлесіңіз. Ресми емес атмосфера жасау үшін алдымен оны шай ішуге немесе серуендеуге шақырыңыз. Содан соң жағдайды барынша жұмсақ түсіндіріп жеткізуге тырысыңыз. Оған еш жамандық тілемейтініңізді, тек жақсы болсын деп айтып жатқаныңызды айтыңыз. Бірақ мұндай әңгімені бастамас бұрын ол адаммен қатынасыңызды ескеру қажет. Егер онымен жақын болсаңыз, ол сізді түсініп, жағдайды дұрыстауға тырысады. Ал егер ол адаммен жақын болмасаңыз, жоғарыдағы басқа әдістерді байқап көріңіз.

А. Жапатова