Жаңбыр суын ішуге бола ма – зерттеу

Жаңбыр суын ішуге бола ма – зерттеу

Жер шарындағы ауыз судың мөлшері өте тез азайып келеді. Суы мол көптеген ірі өзен кейінгі уақытта толық құрғауға жақын қалды. Қазір екі миллиардқа жуық адам таза ауыз суға  тапшы. Осының бәрін ескере отырып, "жаңбыр суын өнеркәсіптік тазартусыз ауызсуға пайдалануға бола ма?" деген сұрақ туындайды. Бұрын жаңбыр суын тек қайнатып іше беруге бола деп есептелінді. Дегенмен, жақында жүргізілген зерттеу жаңбыр суын тұтынудың бұрын біз ойлағаннан да қауіпті болуы мүмкін екенін көрсетті.

Жаңбыр суының қауіптілігі қандай?

Жаңбыр суының құрамында бірқатар улы заттар болатыны бұрыннан белгілі. Оларға ең алдымен бактериялар мен вирустар, түтін, шаң, сондай-ақ химиялық заттардың барлық түрлері жатады. Рас, жаңбыр суының ластану дәрежесі көбінесе ол жиналған аймаққа байланысты. Мысалы, мегаполистегі жаңбыр суы өркениеттен алыс жердегі жаңбыр суынан әлдеқайда лас болады.

Қайнатудан немесе химиялық өңдеуден кейін зиянды эелементтердің көпшілігі судан кетеді. Бірақ, соған қарамастан, жаңбыр суының ішуге жарамдылығы туралы сарапшылар арасында әлі де ортақ пікір жоқ. Жақында жүргізілген зерттеу бұл мәселеге нүкте қойды. Жаңбыр суы таза жолмен жиналса да ешқашан ішуге болмайды.

Жаңбыр суын тек техникалық мақсатта жинауға болады.

Жаңбыр суында қандай қауіпті химиялық заттар кездеседі?

Environmental Science & Technology журналында жарияланған кейінгі зерттеуге сәйкес, бүкіл әлемде жаңбыр суында пер және полифторланған алкил қосылыстары немесе қысқаша айтқанда – PFAS бар. Бұл заттар улы және олардың жаңбыр суындағы мөлшері санитарлық нормалардан айтарлықтай асып түседі.

PFAS – бұл 1400-ден астам жасанды химиялық заттарды қамтитын заттар тобы. Олардың кейбіреулері тоқыма өнеркәсібінде, тамақ өнімдерін қаптамада, жабыспайтын ыдыстарда, өрт сөндіру көбігінде және т.б бар.

Зерттеу төрт перфторалкил қышқылына (PFAA) бағытталған, олар да PFAS-қа жатады. Бұл перфтороктансульфонды, перфтороктанды, перфторгексан сульфонды және перфторон қышқылдары. Алдыңғы зерттеулер бұл қышқылдардың денсаулыққа, соның ішінде әртүрлі ісік түрлеріне байланысты проблемаларды тудыруы мүмкін екенін көрсетті.

PFAS заттары тіпті косметикада да бар

Қатерлі ісіктен басқа, бұл қышқылдардың ағзаға түсуі бедеулікке, жүктіліктің асқынуына және ұрықтың даму проблемаларына, иммундық жүйенің проблемаларына, ішектің, бауырдың және қалқанша безінің ауруларын тудырады. Бұл қышқылдар да қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін, бірақ бұл әлі зерттелмеген.

Мамандардың айтуынша, PFAS қоршаған ортаға шығарылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы бұзылмайды, яғни ұзақ жылдар бойы улы болып қалады. Сондықтан ғалымдар оларға «мәңгілік химиялық заттар» деген атау берді.

Улы заттар тіпті Антарктидада да кездеседі

Антарктида мен Тибет үстіртін қоса алғанда, сынамалар алынған планетаның барлық жерінде судағы бұл заттардың деңгейі нормадан он есе жоғары. Бірақ өнеркәсіп пен жалпы өркениеттен алыс жаңбыр суында улы заттар қалай пайда болады?

Зерттеушілердің пікірінше, PFAS атмосфераға мұхиттан судың булануымен көтеріледі, содан кейін бұлтпен бірге басқа аймақтарға тасымалданады. Олар жақын арада бұл теорияны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Улы жаңбыр суының әлем халқына қалай әсер ететіні туралы әзірге деректер жоқ. Бірақ оның зияны болуы әбден мүмкін. Мысалы, микропластиктердің денсаулыққа әсері бар екені іс жүзінде дәлелденген. PFAA адам денсаулығына әсері әсіресе жауын-шашын ауыз судың жалғыз көзі болып табылатын дамушы елдерде күшті болуы мүмкін. Дегенмен, оны ішу тіпті кейбір дамыған елдерде, мысалы, Аустралияда жиі кездеседі.

Т. Раушанұлы